Жаңалықтар

Қазақстандағы инфляция: түрлері, себеп-салдары және ақшаны қалай сақтау керек?

Қазақстандағы инфляция динамикасы, экономикаға әсері және онымен күресу жолдары / kursiv.media архивінен

Қазақстандағы инфляцияның қазіргі жай-күйі

Соңғы жылдары баяулады десек те, жалпы Қазақстанда инфляция деңгейі мәз емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы қарашада инфляция баяулаған.

«Бір жылда 8,4% (2024 жылғы қазанда – 8,5%). Бір айда инфляция 0,9% құрады (алдынғы айдағыдай). Баға ақылы қызметтерге бір жылда 13,3% (2024 жылғы қазанда – 14,3%), азық-түлік емес тауарларға – 8% (2024 жылғы қазанда – 7,8%), азық-түлік тауарларға – 5,4% өсті (2024 жылғы қазанда – 4,9%)», – деп жазылған Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінде.

Алайда экономистердің айтуынша, 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстандағы инфляцияның шынайы деңгейі 10–12% шегінде. Бұл Ұлттық банк белгілеген нысаналы дәлізден (4–6%) екі есе асып түседі. Инфляцияға әсер ететін негізгі факторларға: энергия бағасының қымбаттауы, төл валюта бағамының құнсыздануы және әлемдік экономикалық дағдарыстар жатады. Мұның бәрі халықтың нақты табысына қысым жасайды, дейді сарапшылар.

Инфляция — бұл бағаның шарықтауынан, тауарлар тапшылығы және заттар мен қызметтер сапасының төмендеуінен болатын ақшаның құнсыздану процессі. Басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да инфляция ел экономикасы мен азаматтардың әл-ауқаты тәуелді болатын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің бірі екені анық. Бұл процесс бюджет шығыстарының артуына, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне, теңге бағамына және мемлекеттің экономикалық саясатына әсер етеді.

Қазақстандағы инфляцияның себептері неде?

Инфляцияның себептеріне қатысты мамандар бірнеше болжам ұсынды.

1. Сыртқы факторлар:

  • Жаһандық экономикалық дағдарыстар, дамыға елдердегі түрлі саяси оқиғалар осы қымбатшылықты үдетіп отыр. Мәселен, COVID-19 пандемиясы және әскери қақтығыстар сияқты жаһандық тұрақсыздық шикізаттың, әсіресе мұнай мен астықтың бағасын қымбаттатады. Қазақстан ірі мұнай экспорттаушы бола отырып, әлемдік бағаның ауытқуына тікелей тәуелді екені белгілі.

  • Ұлттық валютаның құнсыздануы. Теңгенің доллар мен еуро сияқты әлемдік валюталарға қатысты әлсіреуі импорттық тауарлар мен қызметтердің құнын арттырады. Бұл экономика тілінде айтқанда «импорттық» инфляция немесе «сырттан импортталатын» инфляцияға әкеледі.

2. Ішкі факторлар:

  • Экономикалық әртараптандырудың жеткіліксіздігі. Қазақстан экономикасы мұнай, газ және басқа да шикізат экспортына тәуелді. Бұл елді жаһандық баға ауытқуларына осал етеді. Сарапшылар «2030 жылға қарай «қара алтынға» сұраныс айтарлықтай төмендейді. Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын қолға алуы керек. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы мықты балама болады» деп үнемі айтып келеді. Алайда аталған бағытта қарқынды даму байқалмайды.

  • Ақша-несие саясаты. Ұлттық банк жүйесіндегі өтімділікті қолдау және валюта бағамын реттеу жөніндегі операциялары да инфляцияға әсер етеді. Ақшаның артық ұсынысы инфляцияны жеделдете түсуі мүмкін.

  • Мемлекеттік шығыстардың артуы. Бюджеттік шығыстардың, әсіресе әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларға көптеп бағытталуы, тұтынушылық сұранысты ынталандырады, бұл бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Айта кететіні, Қазақстанда бюджет шығыстарының ауқымды үлесі (41%) әлеуметтік салаға тиесілі. Олардың 90%-ға жуығы қазақстандықтардың жекелеген санаттарына зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек пен біржолғы ақшалай өтемақыға жұмсалады.

3. Құрылымдық мәселелер тағы бар. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің төмендігі. Бұған қоса монополизацияға және бағаның өсуіне ықпал ететін экономиканың кейбір салаларындағы бәсекелестіктің төмендігін атап өтуге болады.

Қазақстан экономикасы үшін инфляцияның әсері

Сарапшылар пайымынша, инфляция ел экономикасына қысқа және ұзақ мерзімді әсер етеді.

Қысқа мерзімді салдары:

  1. Халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі. Бағаның өсуі азаматтардың, әсіресе, зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарының нақты табысын төмендетеді.

  2. Базалық мөлшерлеменің өсуі. Жоғары инфляция жағдайында Ұлттық банк экономикадағы ақша массасын азайту үшін базалық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр. Бұл бизнес пен жеке тұлғалар үшін несиелердің қолжетімділігін азайтады.

  3. Әлеуметтік шиеленістің артуы. Азық-түлік пен жанар-жағармай сияқты ең қажетті тауарлардың қымбаттауы халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Мысалы, бұған жуырда «Қазақмыс» кеншілерінің ереуілге шығуын айтуға болады. Олар айлықтары шайлықтарына жетпей жатқанын айтып, еңбекақыны екі есе көтеруді талап еткен болатын.

Ұзақ мерзімді әсері:

  1. Экономикалық дамудың баяулауы. Жоғары инфляция белгісіздікке әкеледі, бұл инвестиция мен ұзақ мерзімді бизнес жобаларды бастауды тежейді.

  2. Кедейшіліктің үдей түсуі. Әлеуметтік теңсіздік күшейеді, өйткені бағаның өсуі табысы төмен топтарға әсер етті.

  3. Экономикалық бәсекеге қабілеттілік. Инфляцияның жоғары деңгейі Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетеді.

Инфляцияны қалай тежеуге болады?

Экономикада инфляцияны тежеудің бірнеше жолы бар.

Бірінші, елдің ақша-несие саясаты. Қазақстанда инфляцияны реттеуде Ұлттық банк шешуші рөл атқарады. Оны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралардың ішінде: базалық мөлшерлемені көтеру, экономикадағы ақша массасын бақылау, валюта нарығындағы интервенциялар арқылы теңге бағамын нығайту бар.

Екінші, фискалдық саясат. Үкімет инфляцияны бірнеше жолмен басқара алады. Оның ішінде, тиімсіз мемлекеттік шығындарды азайтып, мемлекеттік сектордағы жалақының өсуін қамтамасыз ету бар. Бұған қоса, тауарлар мен қызметтер нарығындағы бәсекелестікті қолдауды атауға болады.

Үшінші, экономиканың ресурстық емес секторларын дамыту. Бұл ретте мұнай мен газ экспортына тәуелділікті төмендету арқылы өндіріс пен ауыл шаруашылығына инвестициялар салу керек. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мен экспорттық бағыттарды әртараптандыру да маңызды.

Төртінші, әлеуметтік саясат. Халықтың осал топтарына инфляцияның әсерін төмендету үшін шаралар қабылдау керек. Атап айтқанда, жәрдемақы мен ең төменгі жалақыны ұлғайту маңызды. Кейін ең қажетті тауарлар бағасын субсидиялау қолға алынуы шарт. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау қажет. Бұл бағытта республикада тиісті шаралар жасалып жатыр. Мәселен, елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі жасалып, олардың бағасы үнемі бақылауда болады.

Инфляцияның түрлеріне тоқталсақ

Бұл көрсеткіш өсу қарқыны, жалпы сипаты, экономиканы қамтуына қарай төртке жіктеледі.

Өсу қарқынына қарай:

1. Баяу (тұрақты) инфляция: жылына 10%-ға дейінгі баға өсімі.

2. Галопирлеуші инфляция: бұл қарқынды жылына 10%-дан 50%-ға дейінгі өсім.

3. Гиперинфляция: айына 50%-дан аса күрт шарықтау.

Халық өмірінде көрініс табу сипатына қарай:

1. Ашық инфляция: бағалардың еркін өсуі.

2. Жасырын инфляция: бағалар мемлекет тарапынан жасанды түрде шектеледі, бірақ бұл тауар тапшылығына әкеледі.

Әсер ету сипатына қарай:

1. Сұраныс инфляциясы: сұраныс ұсыныстан асып түскен кезде туындайды.

2. Шығын инфляциясы: өндіріс шығындарының (шикізат, жалақы) өсуімен байланысты.

Экономиканы қамтуына қарай:

 1. Жергілікті инфляция: белгілі бір салаларда ғана байқалады.

2. Жалпы инфляция: бүкіл экономикаға әсер етеді.

Болжамдылығына қарай:

1. Болжамды инфляция: алдын ала болжанған және жоспарланған.

2. Болжамнан тыс инфляция: аяқ асынан болған, экономикалық тұрақсыздыққа әкелетін көрсеткіш.

Инфляция қалай есептеледі?

Инфляция тұтыну бағаларының индексі арқылы есептеледі. Бұл индекс экономикадағы «тұтыну қоржынына» кіретін тауарлар мен қызметтердің құнының өзгерісін көрсетеді.

Тұтыну бағаларының индексі құрамына азық-түлік, көлік, тұрғын үй, медициналық қызметтер және киім-кешек сияқты негізгі тауарлар мен қызметтер кіреді. Бұл бағалардың орташа деңгейінің сол уақытта өзгеруін сипаттайтын көрсеткіш.

Бағаны тұрақтандырып, инфляцияны тежеу жолдары

Бағаның қымбаттауын тежеу – бұл мемлекеттің белгілі бір тауарлар мен қызметтерге тұрақты баға орнату арқылы қолданатын әкімшілік шарасы.

Бағаны тұрақтандырудың артықшылықтары:

               •             Уақытша әлеуметтік шиеленісті төмендетеді.

               •             Қажетті тауарлардың халыққа қол жетімділігін қамтамасыз етеді.

Кемшіліктері:

               •             Тауар тапшылығына әкелуі мүмкін: өндірушілер төмен бағамен сатуға мүдделі емес.

               •             Көлеңкелі нарықтың дамуына ықпал етеді.

               •             Өндіріс көлемін ұлғайтуға ынтаны төмендетеді.

Бағаны жасанды түрде тұрақтандыру дағдарыстық жағдайда ғана қолданылатын уақытша шара ретінде тиімді болуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді болашағы бұлыңғыр шешім.

Болжам қандай?

Қазақстандағы алдағы жылдарға арналған инфляция болжамы экономикалық жағдайдың күрделене түскенін айғақтап отыр. 2024 жылға инфляция деңгейі 8–9% аралығында, 2025–2026 жылдарға 6,5–8,5% және 5,5–7,5% деңгейінде болады деген бас банктің болжамы да бар. Бұл мәліметтер экономикаға ішкі және сыртқы факторлардың қысымы жалғасып жатқанын көрсетеді.

Ұлттық банктің 2024 жылдың тамыздағы ақша-кредит саясаты бойынша баяндамасында инфляция 2024 жылы 7,5-9,5% болады деп жазылған. Сонымен қатар 2025 жылы – 5,5-7,5%, 2026 жылы – 5-7%-ды құрайды деген оптимистік көрсеткіштер жазылған. Алайда елдегі және әлемдегі кейінгі өзгерістер бұл болжамды өзгертті.

Инфляцияның қарқын алуының негізгі себептері – теңгенің құнсыздануы, «Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында реттелетін тарифтердің өсуі бар. Мұнымен қатар әлемде азық-түлік бағаларының қымбаттауы және қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық та аталған көрсеткішке ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік шығындардың артуына байланысты бюджеттік ынталандыру инфляцияға қосымша әсер етуде.

Ұлттық банк аталған бағытта барынша батыл шешімдер қабылдап келеді. Мәселен, жуырда базалық мөлшерлемені көтерді. Бас банк басшысы Тимур Сүлейменов инфляцияны тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қолдануға дайынбыз деп мәлімдеді. Алайда сыртқы экономикалық жағдайлар, мұнай нарығындағы тұрақсыздық, ресей рублінің әсері сияқты факторлар ел экономикасына қысым жасауда.

Сарапшылардың пайымынша, инфляцияны тұрақтандыру үшін ақша-несие саясатын қатаңдату, импортқа тәуелділікті азайту және ішкі өндірісті нығайту сияқты кешенді шаралар қажет. Бұл шаралардың сәтті жүзеге асуы ел экономикасының тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 17 желтоқсан Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, 2025 жылыға инфляция бойынша болжамын ұсынды. Ұйым болжамынша, биыл аталған көрсеткіш 9%-ға жуық қалыптасуы мүмкін. Алайда желтоқсанда тұтыну бағаларының индексі 0,9% деңгейінде қалыптасса, жылдық инфляция 8,7%-ға тұрақтайды.