Жексенбіге қараған түні Алматы қаласында Қазақстан-Британ техникалық университеті ғимаратының жоғарғы қабаты және шатыры өртенді.
Университеттің баспасөз қызметі ешкімнің зардап шекпегенін хабарлады. Төртінші қабаттың өртенуіне байланысты университет әкімшілігі тексеріс жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта құзыретті органдармен бірлесіп, оқиғаның себептерін тексеру жүргізілуде. Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп хабарлады ҚБТУ.
Университет Төле би көшесінде орналасқан ғимаратқа қатынайтын студенттердің 13-20 қаңтар күндері сабақты онлайн оқитындарын ескертті.
11 қаңтар түнінде басталған өртті сөндіруге Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы жасағы жұмылдырылды. ТЖД бастығының орынбасары Чайзада Бағдаттың айтуынша, ғимараттың құрылысына байланысты жалынды ауыздықтау қиынға соқты.
Оқиға орнында 78 құтқарушы төрт учаске бойынша жұмыс істеді. Бригадалар 28 техниканы пайдаланды. Жалын 120 шаршы метр алаңға жайылған. ТЖМ 12 қаңтар түнгі сағат 00:30-да өрттің сөндірілгенін хабарлады.