Жаңалықтар

ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары жемқорлық бабы бойынша жеті жылға сотталды

ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары да түрмеде жазасын өтейді/ коллаж: kursiv.media

Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті басшысының орынбасары Рауан Тұраров сотталды. Мұның алдында департамент басшысы Данияр Әлиев төрт жылға түрме жазасы кесілген еді.

Тұраровқа іс қозғалған бап – Қылмыстық кодекстің  366-бабы 3-бөлімі 3-тармағы.

Рауан Тұраров алтын өндіретін фабрика жұмысын тексерген комиссияға жетекшілік еткен. Кәсіпорын басшылығы құрылыс бойынша жоба талаптарын орындамаған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай фабрика жабылған.

Осыған байланысты шенеунік пен кәсіпорынға иелік ететін ЖШС директоры арасында ресми емес келіссөздер басталған.

«Азамат Т. ЖШС-ын әкімшілік жауапкершілікке тартпау, АӨФ қызметін тексеру нәтижесі бойынша оң шешім шығару үшін 2023 жылдың мамыр айында ЖШС директоры С.-дан 30 000 АҚШ доллары (13 326 600 тенгеге) сомасында пара алды», – деп хабарлады ШҚО соты баспасөз қызметі.

Күдіктіден 6 970 000 қаражат тәркіленді. Сот куәгерлерді тыңдаған.

Өскемен қаласының №2 соты шенеунікке өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды. Аса ауыр жемқорлық қылмысы бойынша сотталған ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары колонияда жеті жыл жазасын өтейді.