«Қазақстан-Қытай құбыры» компаниясын «ҚазТрансОйлдың» экс-басшысы басқарады

Жарияланды
фото: KazTransOil сайтынан

«ҚазТрансОйл» АҚ пен SINO-PIPELINE INTERNATIONAL (SPI) компаниясына тиесілі кәсіпорын – «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-ның бас директоры ауысты. Бұл жөнінде «ҚазТрансОйлдың» баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпорынның бас директоры болып Талғат Құрманбаев тағайындалды. Ол зауытты бес жыл басқарады. Құрманбаев «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының бас директоры болған. 2024 жылдың 22 шілдесінде директорлар кеңесінен шығарылды. Одан кейін «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-ның бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Басшы қызметіне тағайындалған соң бұл лауазым тізгіні Тянь Айминге берілді.

«2025 жылғы 9 қаңтардан бастап «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС басқармасының шешімімен өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары қызметіне Бермахан Тұрлыбеков тағайындалды», – деп хабарлады «Қазтрансойл» баспасөз қызметі.

«Қазақстан-Қытай құбыры» зауытының құрылғанына 20 жыл болған. Оның жарғылық капиталындағы екі елдің үлесі теңбе-тең.

Ақпарат құралдарындағы мәлімет бойынша компания былтырғы желтоқсан айына дейін 275 млн тонна мұнай тасымалдаған. Мемлекеттік бюджетке 123 млрд теңге салық аударған.

Сондай-ақ оқыңыз