АҚШ санкциясынан кейін, Қытай ресейлік танкерлерді қабылдамай қойды

Жарияланды
Ресейлік танкерлер Қытай портына кіре алмай, жағалауда тұр / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Джо Байден Кремльдің көлеңкелі флотына санкция салғаннан кейін, ресейлік мұнай тасымалдаған танкерлер қиындыққа тап болды. Bloomberg жазуынша, санкцияға іліккен үш ресейлік танкер Қытай порттарына кіре алмай, жағалауда тұрып қалған.

Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Козьмино портынан 777 мың баррель мұнайын тиеп шыққан Huihai Pacific танкері 15 қаңтарда Қытайдың Дунцзякоу портына кіруі керек еді. Бірақ 11-12 қаңтарда кеме курсын өзгерткен, қазір діттеген жерге жете алмастан теңізде тұр.

Тура сол Козьмино портынан 755 мың баррель мұнай тиеп шыққан Mermar танкері қытайлық Яньтай портына келуі қажет еді. Бірақ ол да жағалауда тұрып қалды. Екі танкер де ESPO сортының мұнайын тасымалдайды.

Осыған дейін Джо Байден 183 танкерге шектеу салған еді. Санкция іліккендер қатарында ESPO сортын өндіріп, сататын бірнеше ресейлік танкер мен трейдинг компаниялары да бар. Бұған дейін олар Шаньдун провинциясындағы тәуелсіз қытайлық мұнай өңдеушілермен жұмыс істейтін.

Санкция Қытай мен Үндістанға қалай әсер етті?

Өткен демалыста қытайлық компаниялар шұғыл жиналыс өткізіп, ресейлік мұнай тиеген танкерлерді қабылдауды талқылаған. Бұл туралы Bloomberg-ке мұнай трейдерлері айтқан.

Ал Джо Байден санкция салғаннан кейін Қытайдың ең ірі порт операторы Shandong Port Group АҚШ санкцияларына қосылатынын мәлімдеген. Шаньдун провинциясындағы порттарды басқаратын компания АҚШ Қаржы министрлігінің қара тізіміне іліккен кемелерді қабылдамайтынын ескертті. Ресей мұнайының негізгі көлемі дәл сол портқа тасымалданатын еді.

Дәл осылай үндістандық мұнайшылар да ресейлік танкерлерге қатысты сұраққа бас қатырған. Себебі Үндістанға импортталатын мұнайдың үштен бірі Ресей арқылы келеді.Кейбір шенеуніктердің сөзінше, басқа өндірушілерден қымбатырақ мұнай сатып алатын болса, елде инфляция қарқынды дамып кетуі мүмкін. Сондықтан қазір Дели ресейлік қара алтынды қабылдау үшін Вашингтонмен келіссөздерге дайындалып жатыр.

Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге санкция салған, бұл осы уақытқа дейінгі шектеулердің ішіндегі ең үлкені деп есептеледі. Санкциялар тізіміне мұнай тасымалдайтын 183 кеме, «Газпром нефть» және оның еншілес компаниялары, «Сургутнефтгаз», ондаған мұнай трейдерлері, топ-менеджерлер және Үндістанға мұнай жеткізетін ресейлік кемелерді сақтандыратын компаниялар ілікті.

Сондай-ақ оқыңыз