9 млн теңгеге бүйрегін сатпақ болған атыраулық сотталды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: freepik.com

Атырау қаласының тұрғыны бүйрегін 9 млн теңгеге сатуға әрекет жасаған кезінде ұсталып, сот алдында жауап беріп жатыр. «ҚазАқпараттың» хабарлауынша, ер адамға «Қылмыс жасауға дайындалу және оған оқталу» және «Адам ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу» баптары бойынша айып тағылған.

Мән-жайы

Тергеу мәліметтері бойынша 2024 жылдың маусым айында айыпталушы Telegram-дағы «Бүйрек доноры» атты арнада ағзасын сату туралы хабарлама жариялаған. Бұл хабарламаға Ақтөбе полицейлері делдал арқылы жауап берген.

«2024 жылдың 14 қыркүйегінде Орынбасаров Атырау қаласында өз бастамасымен құқық қорғау органдарымен жұмыс істеген ақтөбелік тұрғынмен байланысқа шыққан. Тараптар бүйректің құнына 9 млн теңге деп келіскен», – делінген хабарламада.

20 қыркүйекте Орынбасаров Ақтөбеге келіп, медициналық тексерістен өткен. 25 қыркүйекте ол сатып алушыдан 5 млн теңге алдын ала төлем алған кезде ұсталған.

Сот отырысы

Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, мұндай әрекетке қаржылық қиындық салдарынан барғанын айтты.

«Менің қарыздарым болды. Ашуланған күйімде Telegram арнасына хабарлама жаздым да, арнадан бірден шығып кеттім. Басқа есім қолдандым. Қыркүйек айында маған хабарласып, анализ тапсыруды өтінді. Ақтөбеге барып, анализ тапсырдым. Маған ақша төледі, пәтер жалдады. 25 қыркүйекте ақша алып жатқан кезде ұсталдым. Біз 9 млн теңгеге келіскенбіз. Бір бөлігі операцияға дейін, қалғаны операциядан кейін берілуге тиіс еді. Ақшаны санамадым, тексерген жоқпын», – деді Орынбасаров.

Қазіргі уақытта ер адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Сондай-ақ оқыңыз