Жаңалықтар

Солтүстіккореялық солдаттар соғысқа емес, жаттығуға барамыз деп ойлаған – Украина

Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский Украина қарулы күштері Ресейдің Курск облысында екі солтүстіккореялық солдатты тұтқындағанын хабарлаған. ВВС олардың кім екені, соғысқа қалай жіберілгені туралы жазды.

Тұтқынға түскендер

Украина Қауіпсіздік қызметі 9 қаңтарда тұтқынға алынған екі солтүстіккореялықтың Киевте екенін және медициналық көмек алып жатқанын мәлімдеген. Олар тек корей тілінде сөйлейді, тергеу Оңтүстік Корея барлау қызметкерлерінің қатысуымен жүргізіліп жатқаны айтылды. 

Украина тарапының мәліметінше, тұтқындардың бірінен басқа адамның атына берілген ресейлік әскери билет табылған. Ол 2005 жылы туғанын және 2021 жылдан бастап КХДР армиясында атқыш болып қызмет етіп жүргенін айтты.

СБУ-дың (тұтқынның сөзіне сүйеніп) айтуынша, ол Ресейге соғысқа емес, оқу-жаттығуға бара жатырмын деп ойлаған. Құжат оған 2024 жылдың күзінде Ресейде берілген. Сонымен қатар бір апталық дайындықтан өткенін жеткізді.

Екінші тұтқынның қолында ешқандай құжат болмаған. Оның айтуынша, ол 1999 жылы туған, 2016 жылдан бері мерген-барлаушы болып қызмет етіп келеді.

Тыва тұрғынының әскери билеті

Украина президенті Владимир Зеленский тұтқындалған екі сарбаздың суреттерімен қоса  ресейлік әскери билеттің суретін бөлісті. Онда құжат Тыва тұрғыны Антонин Аранчынның атына берілгені көрсетілген. Ол 1998 жылдың қазанында Тываның Туран қаласында туған.

«Агентство» басылымы (Ресейде «шетел агенті» деп танылған) Антонин Аранчынның нақты адам екенін анықтады. Аты-жөні мен туған күні сәйкес адам Тывада тұрады. Оның жеке мәліметтеріндегі жалғыз айырмашылық – туған жері. Әскери билетте Туран қаласы деп көрсетілсе, Аранчынның төлқұжатында Тывадағы Эрзин ауылы деп жазылған. «Агентство» Аранчын мен оның туыстарына хабарласа алмаған.

Ресей Украинаға қарсы соғыс қимылдарында солтүстіккореялық әскерилерді пайдаланатынын жоққа шығармайды. Владимир Путин өткен жылдың қазан айында бұл – Ресейдің «егемен шешімі» екенін мәлімдеген.

Курск облысындағы жағдай

Өткен жылдың соңында Украина мен Оңтүстік Корея Пхеньян Ресейге кемінде 10 мың әскери қызметкер жібергенін хабарлады.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі дүйсенбіде Ресей жағында соғысқан 300-ден астам солтүстіккореялық қаза тапқанын, ал 2700-ге жуығы жараланғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер растамады.