“Бірге тумақ бар, бірге тұрмақ жоқ”. Шерзаттың әпкесі халықтан жылу жинау себебін түсіндірді
Талғарда төбелес кезінде қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова халықтан жылу жинап жатыр. Kursiv.Media тілшісі Перизатпен сөйлесіп, көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап алуға тырысты.
Мән-жайы
Нұрымовтар әулетінің басындағы нәубет қоғам қабырғасын қайыстырып, азалы отбасыға желіде жұрт көмектескісі келетінін көп жазды. Марқұм жасөспірімнің әкесі Қаржаубай Нұрымов о бастан халықтан жылу жинамайтынын мәлім етті. Алайда бірер күн бұрын Қаржаубайдың қарындасы Перизат Нұрымованың атынан «Сбор» ашылғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты желіде түрлі әңгіме айтылып жатыр. Әлдекімдер Нұрымовтар әулеті ресми түрде жинақты бастады десе, біреулер бұл алаяқтардың ісі емес пе деп күмәндануда. Енді бірі Қаржаубай өзі халықтан көмек сұрауға ыңғайсызданып, шот Перизаттың атынан ашылған болар деп болжайды.
Резонанстық оқиғадан кейін, пәтер жалдау қиын болып кеткен
Перизат жылу жинау туралы шешім отбасының ортақ ұйғарымы емес, жеке өзінің шешімі екенін атап өтті.
«Мен анама сбор ашамын, өйткені сіздер кететін болсаңыздар мен де жылжуым керек деп айттым. Қазірдің өзінде осы жерде әрең тұрып жүрмін. Балаларым қамауда отырған сияқты күйде. Біреу бірдеңе істеп кете ме деп қорқып басы артық далаға шығармаймыз. Барар жерлеріне көлікпен апарып, көлікпен алып кетеміз», – дейді Перизат.
Оның сөзінше, резонанстық оқиғадан кейін пәтер жалдау қиын болып кеткен.
– Телефонмен келісеміз, барсақ «жоқ» дейді. 6 баламен алғысы келмейді. Сосын «ана резонанстық оқиғадағы тәте емессіз бе» дейді «иә» деймін, бас тартады. Қорларға да қандай мүмкіндік бар деп хабарласып көріп жатырмын. Ипотекаға өзіміз төлейтін етіп болса да алып берсе жақсы болар еді…, – дейді ол.
«Қаржаубай Талғардан кетеді»
Перизаттың айтуынша, ағасы Қаржаубай алдағы уақытта анасын алып Талғардан, жалпы Алматыдан кетеді, өзіне бірге жүруді ұсынған. Алайда ол Алматыда қалуды шешкен. Ағасы қайда кететінін әзірге ашып айтпады.
«Ағама да, Айтымның командасына да салмақ салғым келмейді. Әйтпесе олар бізбен жүр деп отыр. Менің өз отбасым бар. Жолдасым ешкімі жоқ жетім адам. Екеулеп өзіміз амалдаймыз. Оның үстіне баламның еміне байланысты Алматыда болуым керек болып тұр. Олар қалай кетеді, мен де солай Талғарда қалмаймын. Балаларыма бірдеңе болып қала ма деген қорқынышпен ұдайы өмір сүргім келмейді. Балаларым да әбден қорқып қалған. Тарс ете қалған дауыстан жандары шығып кетеді. Осылар үшін алаңдаймын», – деген ол 2018 жылдан бері көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрғанын, кезек алға қарай емес, кері кетіп жатқанын жеткізді. 2022 жылы тізімнен тіпті алып тастаған. Кейін қайта тіркеген.
«Бірге тумақ бар, бірге тұрмақ жоқ. Қай кезде де бауырларымды қолдаймын, көмектесемін. Кез келген уақытта қарышаңырақта жиналуға дайынмын» дейді ол.
Қаржаубайдың адвокаттары да Перизаттың бастамасы тек өзінің жеке шешімі екенін, Қаржаубайға үй меценаттар көмегімен алынатынын, халықтан жылу жиналмайтынын айтып отыр.