«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 32 млрд теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
«Прокуратура «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықтады», – делінген хабарламада.
4 желтоқсанда шыққан сот қаулысына сәйкес, компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) кінәлі деп танылған. Сот компанияға 31 млрд теңге айыппұл салған. Сот актісі заңды күшіне еніп үлгерген.
Бұдан бөлек, дәл осы компанияның мұнай жылыту пештерінен экологияға зиянды қалдықтардың көп шығуы фактісі анықталып, 11 желтоқсанда сот 1,2 млрд теңге айыппұл салған.
Айта кетейік, компанияның сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оның құрамына Қаламқас және Жетібай кенорындары кіреді. Негізгі акционерлері қытайлық CNPC пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы болып отыр.