Швейцария Путин мен Трамптың кездесуін өткізуге дайындалып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Швейцария Путин мен Трамптың кездесуін өткізуге дайындалып жатыр
Швейцария Путин мен Трамптың кездесуін өткізуге дайындалып жатыр / Фото: shutterstock

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі Швейцарияда өтуі мүмкін. Бұл туралы Швейцария сыртқы істер министрлігінің өкілі Николас Бидоның сұхбатында жазылған.

Дипломаттың айтуынша, АҚШ пен Ресей билігі кездесу өткізуді қаласа, Швейцария саммит өткізуге дайын. 

«Бюргенстоктағы саммиттен кейін, Украина, Ресей мен АҚШ-қа бейбіт келісім жасау үшін саммит өткізуге дайын екенімізді айтып келеміз», – деді ол.

Трамптың командасы Украинадағы соғысты тоқтату нұсқаларын талқылау үшін Путинмен кездесуге дайындық жүргізіліп жатқанын растады. Бұл туралы конгрессмен Майк Уолц айтты.

«Дайындық жүргізілуде. Президент Трамптың айтуынша, алдымен келіссөздер жүргізіп, сосын мәмілеге келу қажет. Алдағы айларда міндетті түрде осыны істейміз», – деді Уолц.

Ол келіссөздерге Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуы туралы да сөз қозғап, алдағы аптада онымен сөйлесетінін айтқан.

Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Трамптың кездесуіне дайын екенін және Кремль Трамптың бейбіт мәмілеге келу туралы бастамасын «құптайтынын» айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз