Түрксіб аудандық мемлекеттік кірістер департаменті Әнипа Назарбаеваны сотқа берді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Түрксіб аудандық мемлекеттік кірістер департаменті Әнипа Назарбаеваны сотқа берді
Түрксіб аудандық мемлекеттік кірістер департаменті Әнипа Назарбаеваны сотқа берді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласы Түрксіб аудандық мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваны сотқа берді. 

Сот жүйесіне тіркелген іс құжаттарына сүйенсек, Мемлекеттік кірістер департаменті «CDM GRoup» компаниясының бұрынғы иесі Әнипа Назарбаева мен қазіргі иесі Жанат Мамриеваның үстінен сотқа арыз берген.

Департамент «CDM GRoup» компаниясының жарғылық капиталындағы 100% үлесті сатып алу – сату шартын және мемлекеттік қайта тіркеуді жарамсыз деп тануды сұраған.

Іс 2024 жылдың 11 қарашасында басталған, 6 қаңтарда алғашқы сот отырысы белгіленген. Алайда алғашқы сот отырысына қатысты құжаттар жүйеде жария болмаған.

Түрксіб аудандық мемлекеттік кірістер департаменті Әнипа Назарбаеваны сотқа берді
Фото: Скрин Egov

Egov жүйесіндегі ақпаратқа сүйенсек, «CDM GRoup» компаниясы 2015 жылы 18 наурызында тіркелген. 2017 жылға дейін оның құрылтайшылары: Әнипа Әбішқызы Назарбаева мен Әли Жанболатұлы Қылышпаев болған. 2017 жылдың 17 наурызында компания қайта тіркеуден өтіп, оның жаңа құрылтайшысы Жанат Мамриева болған. Сот ісіне түрткі болып отырған осы қайта тіркеу кезіндегі келісімшарт болуы мүмкін. Себебі Мамриева мен Назарбаеваны осы компания байланыстырады. Назарбаевадан бөлек, Қылышпаевтың неліктен соттан тыс қалғаны белгісіз.

«CDM GRoup» компаниясы көтерме саудамен айналысады. «Бизнес-аналитик» жүйесінің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылдың желтоқсанындағы жағдайға байланысты компанияның мемлекет алдындағы салық берешегі  350 613 102 теңгеге жеткен. Осы компаниямен бір мекенжайда (Түрксіб ауданы Красногвардейский тракті 152Д) Жанат Мамриеваға тиесілі тағы бір компания тіркелген. «ТДА транзит Алматы LTD» компаниясының мемлекетке салық берешегі 318 250 570 теңгені құрайды (2024 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша).

Айта кетейік, 2023 жылы Әнипа Назарбаеваның иелігінде болған «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» мемлекетке қайтарылған.

Сондай-ақ оқыңыз