Жаңалықтар

АҚШ-тың ресейлік мұнайға салған санкциясынан кейін, мұнай бағасы қымбаттады

АҚШ санкцияларынан кейін, Қытай мен Үндістан басқа елдерден мұнай импорттауға мәжбүр болады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ 10 қаңтарда Ресейдің бірқатар мұнай компанияларына, мұнай тасымалымен айналысатын кемелерге санкция салды. Бұл нарықта мұнай бағасының қымбаттауына әкелді.

13 қаңтар, дүйсенбі күнгі саудада мұнай бағасы үш сессия қатарынан өсіп, Brent маркалы мұнайдың баррелі 81 доллардан асқан. Бұл – төрт айдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Осы күнгі саудада Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,47 долларға қымбаттап, 1,84%-ға артқан. Солайша, оның құны барреліне 81,24 долларды құраған. Brent бағасы 2024 жылдың 27 тамызында осылай көтерілген болатын.

Ал америкалық West Texas Intermediate маркалы мұнайы 1,55 долларға қымбаттап, 1,02%-ға артқан. Мұнай баррелі 78,12 долларды құрап, 2024 жылдың 8 қазанындағы ең жоғары көрсеткішіне жақындаған.

Жалпы Brent және WTI маркалы мұнайдың бағасы 8 қаңтардан бастап қымбаттай бастаған. Ал АҚШ-тың ресейлік мұнайға салған санкцияаларынан кейін, биржадағы екі келісімшарттың бағасы күрт өскен.

Трейдерлер мұнай бағасы алдағы күндері бұдан да көтеріле түсуі мүмкін деп болжайды. Өйткені АҚШ санкцияларынан кейін, Ресей мұнайының негізгі тұтынушылары Қытай мен Үндістан басқа нарықтардан мұнай экспорттай бастауы мүмкін. Ірі мұнай импорттаушылары саналатын Қытай мен Үндістан шикі мұнайды Таяу Шығыстан, Африкадан және Америкадан көбірек сатып ала бастайды деп болжап отыр.

Айта кетсек, жұма күні жарияланған санкциялық тізімге «Газпромнефть», «Сургутнефтегаз» компаниялары және ресейлік мұнай тасымалдайтын 183 кеме кірді.