Қардың өзі – қара күйе. «Қазақмыс» Сәтпаев қаласының экологиялық проблемасы тез шешілмейтінін мәлімдеді

Жарияланды (жаңартылды )
Сәтпаев қар
Сәтпаев қаласында қар емес, қара күйе жауады / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Сәтпаев қаласында аспаннан қар емес, күйе жауады. Мәселе – қаланы жылумен қамтып отырған ескі қазандықтарда. Ал қазандықтардың проблемасы жақын арада шешіле қоймайтын секілді. Бұл туралы депутат Сергей Понамаревқа Kazakhmys Distribution компаниясының («Қазақмыстың» еншілес компаниясы ) атқарушы директоры Евгений Кравчук айтты.

Қаланың экологиялық жағдайымен танысу үшін өңірге бір топ депутаттармен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов арнайы барған. Kazakhmys Distribution қазандықтарының жұмысымен танысқан депутаттар компания басшысынан қаланың экологиялық проблемасын қалай шешетінін сұраған.

«Бұл мәселенің қысқа мерзімді шешімі жоқ. Қазіргі уақытта біздің қолымыздан келетін жалғыз нәрсе бар, ол – төртінші қазандыққа эмульгаторлар орнату. Олар қазанды газ бен күлден 98%-ға тиімді тазалайды. Осыған орай біз жалпы сомасы 600 млн теңге болатын алты құрылғы орнатуды көздеп отырмыз. Келісімшарт жасалып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша жұмыстар осы жылы аяқталады», – деді Кравчук.

Компания басшысы тарифтерге енгізілген инвестициялық бағдарлама негізінде небәрі 700-800 миллион теңге жиналатынын, бұл қаражаттың қазандық жабдықтарын бір уақытта жөндеуге және қымбат жобаларды іске қосуға жеткіліксіз екенін де атап өткен.

Десе де, компания кезең-кезеңімен қаланың экологиялық проблемасын шешіп, қазандықтарды шетінен жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Сәйкесінше, қаланың экологиялық мәселесі де, асықпай шешіледі.

Айта кетейік, біраз уақыт бұрын қала тұрғындары көшелердегі қардың қара түске боялғанын айтып, балаларының денсаулығы үшін алаңдайтынын жеткізді. Мамандар қаланы жылумен қамтып отырған қазандықтардың сүзгісі ескіргенін алға тартқан. Сонымен бірге қазандықтарда арзан көмір пайдаланылатыны экологиялық жағдайды күрделендіре түскен.

Сондай-ақ оқыңыз