«Көп құрбандыққа барып, соғысқанбыз»: Жан Кретьен Трампқа канадалықтардың өз тәуелсіздігі үшін күресетінін мәлімдеді

Жарияланды
«Егер бір талабын орындасақ, Трамп мырза одан да үлкен талап қойып, тағы да басқасын алып келетінін білеміз»/kursiv.media архивінен

1993–2003 жылдары Канаданың бұрынғы премьері болған Жан Кретьен Дональд Трампқа үндеу жариялап, канадалықтардың өз тәуелсіздігінен бас тартпайтынын айтты. The globe and mail-дің хабарлауынша, ол АҚШ-тың болашақ президентінің әрекетін «дипломатия емес, шантаж» деп атап, Трамптың ниетіне табандылықпен қарсы тұруға шақырды.

Жан Кретьеннің айтуынша, канадалықтар өз тәуелсіздігін бағалайды. Қоқан-лоқы мен балағаттау оларды райынан қайтармайды.

«Дональд Трамп, шал ретінде сен шалға айтарым: есіңді жи!», – деді ол.

Сондай-ақ ол канадалықтардың жауынгер халық екенін де еске салып өтті.

Оның сөзіне қарағанда, Канада екі бірдей дүниежүзілік соғысқа АҚШ-тан бұрын араласқанын, «көп құрбандыққа барып, соғысқанын» алға тартты.

«Канада сіздің еліңізге «жоқ» деп айтуға батылы жетеді. Ирактағы өзін-өзі ақтамаған және тұрақсыздыққа ұрындырған соғысқа бізді тартқысы келген кезде біз солай еттік», – деп жазды  Жан Кретьен.

Экс-премьер билік тізгінін ұстаған канадалық саясаткерлерді табандылық көрсетуге шақырды.

«Тек қана қорғаныста ойнап, хоккейде жеңе алмайсың. Егер бір талабын орындасақ, Трамп мырза одан да үлкен талап қойып, тағы да басқасын алып келетінін білеміз. Бұл – дипломатия емес, шантаж. Бізге бұл тұйық шеңберді үзетін басқа амал жасау керек», – деді бұрынғы премьер.  

Мұның алдында Трамп Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыздық салық салуға уәде берген еді. Сонымен қатар Канаданы 51 штат ретінде АҚШ-қа қосу ниетін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз