Қазақстан мен Қытайды жалғайтын үшінші теміржол құрылысы басталады
Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржолдың құрылысы басталып, өткізу бекеті ашылмақ. Бұл туралы Қытайға сапары кезінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев хабарлаған.
Орда хабарлағандай, 13 қаңтарда Әшімбаев бастаған бір топ қазақстандық депутаттар Қытайға барды. Іс-сапар барысында олар Қытайдың Халықтық саяси кеңесінің Бүкілқытайлық комитет төрағасы Ван Хунин мен Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысының Тұрақты комитетінің өкілі Чжао Лэцзимен кездескен.
«Қазақстан мен Қытай арасында үшінші темір жол құрылысы басталғалы жатыр. Сонымен қатар, үшінші шекаралық теміржол өткізу бекетін ашу да жоспарланып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев кездесу барысында.
2024 жылдың мамыр айында Қытай мен Қазақстанды жалғайтын үшінші темір жолдың салынатыны жөнінде Үкіметтің қаулысы жарияланған болатын. Онда жаңа бекеттің Абай облысы Бақты ауылында ашылатыны көрсетілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бақты арқылы өтетін теміржол желісін салуды, сол маңда логистикалық парк құруға тапсырма берген еді.
Қазақстан билігінің есебінше, үшінші темір жол Қытаймен арадағы жүк тасымалын 20 млн тоннаға дейін артыруға жол ашпақ. Құрылыстың құны – 321 млрд теңге. Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының инвестициялары есебінен қаржыландырылатыны жоспарланған болатын.