Ресеймен шекаралас облыста аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қалашығы ашылды

Жарияланды (жаңартылды )
Әскери қалашық құрылымына жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген/фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қалашығы ашылды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 99250 әскери бөлімнің жаңа нысандарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штабтың бастығы генарал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев және бірқатар ардагерлер қатысты.

Бастапқы кезеңде әскери бөлімнің штабы, екі казарма, бақылау-өткізу бекеті, әскери платц қолдануға беріліп отыр. Келесі жолы оқу және спорт қанаттары, асхана, клуб, қойма мен техникалық аймақ жабдықтары салынады.

Аумақтық қорғаныс әскерінің міндеті – стратегиялық нысандарды және коммуникациялардың қауіпсіздігін қадағалау, сонымен қатар диверсиялық, лаңкестік әрекеттерге тойтарыс беру.

«Аумақтық қорғаныс мемлекеттік әскери ұйымы жүйесінде маңызды рөлге ие. Егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғауды қамтамасыз етеді», – деді Сұлтан Камалетдинов.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, Президент Тоқаев қазіргі геосаясаяси жағдайда әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

«Соңғы қарулы қақтығыс тәжірибесі көрсеткендей аумақтық қорғаныс жұмысының жүйелілігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызы зор екенін көрсетті. Қарулы күштерді жан-жақты қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаңа үлгідегі қару-жарақ, техникамен қаруландыру жұмысын жалғастыру қажет», – деді генерал-лейтенант.

Әскери қалашық құрылымына жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Аумағы – 4,6 гектар.

Сондай-ақ оқыңыз