Алматыда логистикалық терминал салып жатқан компания «Астана» қаржы орталығына тіркелді
«Астана» халықаралық қаржы орталығында жаңа қытайлық компания тіркелді. Жаңа қаржы ұйымы – Kazakh-Chinese Trade and Logistics Company (Almaty) Ltd. деп аталады, жарғылық капиталы 26 млн доллар.
Компания Алматыдағы логистикалық терминалдың құрылысы және эксплуатациясымен айналысады. Құрылтайшылары ҚХР-дың Сиань қаласындағы Xi’an Free Trade Port Construction and Operation Co., Ltd. және «Кедентранссервис» АҚ.
Алматыдағы жаңа логистикалық терминалдың құрылысы 2023 жылдың қазанында басталған. Терминалмен қатар электронды коммерция және транспорт-логистикалық қызмет үшін заманауи платформа салу жоспарланған. Жаңа орталықтар «Кедентранссервис» АҚ-ның жүк терминалы базасында салынады. «Кедентранссервис» – «Қазақстан темір жолы» компаниясының еншілес ұйымы.
Құрылыс басталған кезде «Қазақстан темір жолы» басшылығы логистикалық орталық темір жол, авто және басқа да транспорт түрлеріне қызмет көрсететін терминал болады деп уәде берді. Ол жерде жүк сақтау, жүк ауыстырып тиеу және электронды коммерция тәрізді қызмет түрлері іске асырылады.