2029 жылға дейін Қазақстанда 30 ЖЭС жаңартылады. Үкімет ақшаны қайдан алады?

Жарияланды
Қазақстандағы ЖЭС-тер жаңартылады / Фото: shutterstock

Ел үкіметінің қаулысымен «Энергетикалық және коммуналды сектор» атты ұлттық жоба бекітілді. Жоба 2029 жылға дейін жүзеге асырылуы керек.

Ұлттық жобаның мақсаты – халыққа сапалы және сенімді коммуналды қызмет ұсыну үшін энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңалау.

Осы мақсатта табиғи монополиялардың 200 нысаны және 30-ға жуық ЖЭС жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде жоба жүзеге асырылғаннан кейін, апат деңгейі 20%-ға, елдегі коммуналдық және энергетикалық активтің тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.

Құжатта ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 13 588 трлн теңге инвестиция қарастырылғаны жазылған. Оның ішінде:

  • энергетикалық сектор – 6 трлн 208 млрд теңге
  • коммуналды сектор – 6 трлн 778 млрд теңге
  • автоматизация және аспаптандыру – 602 млрд теңге қарастырылған.

2025-2029 жылдарға бөлінген барлық субсидия көлемі 14 80 трлн теңгені құрайды. Ары қарай 10%-дан жоғары пайыздық мөлшерлеменің айырмашылығы несие мерзіміне байланысты субсидияланады.

Құжатта жазылғандай, желілер тозу деңгейі тым жоғары және құрылғылардың ескіруіне байланысты елдің коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымы үлкен мәселелермен бетпе-бет келіп жатыр.

«Аталған мәселені шешу үшін кешенді шешім керек. Оның құрамында ескірген желілерді жаңалау, инфрақұрылымда жаңалау үшін инвестиция тарту, ресурстарды басқаруды оңтайландыру үшін тиімді және заманауи цифрлық технологиялар енгізу бар. Барлығы елдегі жағдайды жақсартып, тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», – деп жазылған жобада.

Мәселен, ұлттық жоба аясында жылу жүйесіндегі тозығы жеткен 1 622 желіні өзгерту көзделген. Құжатты дайындаған мамандардың сөзінше, бұл шаралардан кейін елдегі жылу желілерінің тозу деңгейі азайып, көрсетілетін қызмет сапасы жақсарады. Тасымалдау кезінде жылу деңгейі төмендеп, жылу таралу ауқымы кеңейеді.

Ал Қазақстанда су мәселесін шешу үшін су құбырларын және сумен қамтамасыз ету нысандарын жаңалау қарастырылған. Сондай-ақ су тазалау құрылғылары жөнделіп, елдімекендер мен шалғай ауылдардағы сумен қамтамасыз ететін нысандар салынады.

Сондай-ақ оқыңыз