Jusan Invest клиенттері алданып қалғанын айтып, президентке үндеу жасады. Қаржы ұйымы не дейді?
Jusan Invest клиенттері қаржы ұйымына алданып, табысынан айырылғанын айтып президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар Jusan Invest және Jusan Bank басшылығы сот процесіне қысым жасайды деп қауіптенеді.
Jusan Invest брокерлік ұйымының заңсыз әрекеттерінен зардап шектік деген клиенттер атынан PR маманы Қуат Домбай видео үндеу жолдаған. Оның түсіндіруінше, 2021-2022 жылдары 20-ға жуық адам брокерлік ұйым «табыстылығы жоғары қаржы құралы ретінде көрсеткен құрылымдық ноталарды» сатып алған. Оны 2023 жылдың мамырына дейін сақтайды.
» 2023 жылдың мамырында қосымшада жөндеу жұмыстары болып жатқанын айтып, кенеттен барлық қаржы құралдарының бағасы 70%-ға төмендеді. Осылайша өзіміздегі бар жинақтан айырылдық десек болады. Қазіргі уақытта біз сотқа дайындалып жатырмыз. Бірақ Қаржы нарығын реттеу агенттігі 80-нен аса заң бұзушылық тапқанына қарамастан, Jusan Bank және брокерлік Jusan Invest басшылығы әділ сотқа қысым жасайды деп қауіптенеміз. Осыған байланысты сізден және Президент Әкімшілігінен аталған сот процесін бақылауға алуыңызды өтінеміз», – делінген Қуат Домбайдың видео үндеуінде.
Домбайдың сөзінше, брокер дер кезінде ақпарат бермегендіктен, салымшылар құрылымдық ноталарды сату туралы шешім қабылдап үлгермеген. Нәтижесінде олар қомақты зиян шеккен. «Іс жүзінде Jusan Invest-әрекетінен зардап шеккен клиенттер 20-дан да көп 100-ге жуық болуы мүмкін», – дейді Қуат Домбай
Бұған дейін «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «First Heartland Jusan Invest» АҚ-ға қатысты тексеру жүргізіп, әкімшілік заң бұзушылық туралы 82 протокол құрған.
Jusan Invest не дейді?
Kursiv.Media Jusan Invest қаржы ұйымына хабарласып, осы мәселеге қатысты пікірін сұрады.
Компания мамандарының түсіндіруінше, брокерлік компаниялардың клиенті брокерлік келісім-шартқа қол қоятын кезде, инвестициялық тәуекелдер туралы ақпарат беріледі.
«Мәлімдеме айтылған құрылымдық ноталар тәуекелі жоғары қаржы құралдары. Оған пайыздық мөлшерлемесінің 20%-ға дейін жетуі дәлел. Сондай-ақ атап өтетін нәрсе, құрылымдық ноталар BNP Paribas, SocGen, Goldman Sachs және Barclays тәрізді ірі халықаралық банктер арқылы шығарылған. Ал Jusan Invest осы қаржы құралдардын сатып алу бойынша клиенттерге брокерлік қызмет көрсетті», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Компанияның ресми хабарлауынша, барлық құрылымдық ноталардың құны түспеген, басқа да көптеген қағаздар инвесторларға табыс табуға мүмкіндік берді.
«Барлық клиенттерге капиталды 100 пайыз қорғайтын ноталар ұсынылған, бірақ олардың табысы әрдайым төмен. Себебі нарық заңы бойынша, «тәуекел жоғары болған сайын, табыс та жоғары немесе керісінше». 2021 жылдан берік халықаралық қарж нарығы дамыған елдердегі инфляция, геосаяси шиеленіс және энергетикалық дағдарысқа байланысты қор нарығы турбуленттілікті бастан кешірді. Қазір жағдай ақырындап қалпын келіп жатыр», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
«First Heartland Jusan Invest» АҚ-ның толық жауабын мына жерден оқуға болады.
«First Heartland Jusan Invest» АҚ-ның акциясы толығымен «First Heartland Jusan Bank» ұйымына тиесілі. Ал банк акцияларының 77%-ы «First Heartland Securities» қаржы ұйымына, 19%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновқа тиесілі.