2024 жылы әлемдік нарықта смартфон саудасы қайта жанданды
Әлем бойынша смартфон саудасы қайтадан қыза түсті. Counterpoint Research зерттеу қорытындысын бөліскен Интерфакс 2024 жылы смартфон сатылымы 4%-ға өскені туралы жазды. Бұдан бұрын тауарды сату көрсеткіші екі жыл қатарынан төмендеген.
Осы нарықта 2023 жылы кейінгі онжылдықтағы ең нашар көрсеткіш тіркелді. Құрылғылар арасында Samsung өнімі көш бастады. Оның жыл бойғы сатылымы 1%-ға көбейді. Оған жасанды зердесі бар Galaxy S24 ұялы телефонының нарықта өтімді болуы әсер еткен.
«2024 жыл – күрделі кезең болған 2023 жылдан кейін жағдайды оңалту және қалпына келтіру жылы болды. Макроэкономикалық қысымдар азайған сайын, нарық қалпына келу белгілерін көрсете бастады және қатарынан бес тоқсан бойы өсуде», – деді Тарун Патхак.
Counterpoint дерегі бойынша Apple Inc. 2023 жылмен салыстырғанда 2% төмен сатылыммен екінші орынға шықты. iPhone 16 сериясын тұтынушылар әрқилы қабылдады.
Сауда алаңында жетекші орындарын сақтап қалғанына қарамастан, Samsung және Apple әрқайсысы әлемдік нарықтың 1%-ын жоғалтты. Олардың үлесі сәйкесінше 19% және 18%-ға дейін төмендеді.
Тасымалдау көрсеткішін 12%-ға арттырып қана қоймай, нарықтағы үлесін 13%-дан 14%-ға дейін ұлғайтқан қытайлық Xiaomi компаниясына үшінші орын бұйырды.
Couterpoint мәліметтері бойынша, бағасы 1000 доллардан асатын ультра премиум смартфондардың сатылымы 2024 жылы шапшаң өсті. 2025 жылы табыс өсімі оның саны жөнінен озып кете бермек. Компания кіріс 8%-ға, ал сату көлемі 4%-ға артады деп есептейді.