Былтыр БАӘ-нің Қазақстанға бағыттаған инвестициясы екі есе артты – Тоқаев екіжақты байланыс әлі де нығаятынын айтты  

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан Президенті БАӘ-мен сауда айналымын 1 млрд долларға жеткізуге мүдделі/ фото: kursiv.media

Бүгін, 13 қаңтарда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірлігіне келді. Президент БАӘ басшысы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен кездесті. Іскерлік кездесу Shatie сарайында ұйымдастырылды.

Тоқаев 2023 жылы Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен жүзбе-жүз сөйлескенін, сол уақытта маңызды келісімдер жасалғанын атап өтті.

– Былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайды. Абу Дабидегі кездесу барысында біз тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткіземіз деп мақсат қойдық. Екі ел үкіметтері сауда-саттықтың оң қарқынын – қалыптастыру үшін нақты экономикалық күн тәртібіне мән бергені жөн, – деді Президент.

Ақорда мәліметі бойынша Біріккен Араб Әмірлігі Қазақстанға қаржы құйған он ірі инвестор-елдің қатарында.

– Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыруға Сіздің тарапыңыздан қолдау көрсетіледі деп сенеміз. Бұл құжат аясында Әмірліктердің компанияларымен көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да көптеген салада белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеміз, – деді Тоқаев.

Әл Нахаян 2025 жылы Қазақстанмен байланыс аясын кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Халықаралық және аймақтық деңгейдегі келіссөздер барысында Астананың рөлі зор екенін бағалаған.

14-15 қаңтар күндері «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» өтеді. Халықаралық саммитке бірнеше мемлекет басшылары келеді.

Сондай-ақ оқыңыз