FlyArystan ұшағына отырған жолаушы бортсерікті ұрып, жарылғыш зат алып келгенін мәлімдеген
Астана әуежайында Өскеменге аттанғалы тұрған FlyArystan ұшағында жанжал болды. Ұшақта орындықта отырған жолаушы жанынан өтіп бара жатқан бортсерікке оқыстан қол жұмсаған.
Әуекомпаниясы баспасөз қызметінің дерегі бойынша әлгі адам өзінде жарылғыш зат бар екенін мәлімдеді. Тәртіп сақшылары мен ұшақтағы қауіпсіздік мәселесіне жауапты қызметкерлер бортқа шұғыл жетті.
«Осыдан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушылар ұшақтан шығарылды. Сондай-ақ бортсеріктің жағдайын тексеруден өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылды», – деген ресми хабар таратты FlyArystan.
Абырой болғанда, жолаушыларды дүрліктірген сабаздың айтқаны расталған жоқ. Бірақ компания қатаң шара қабылдауға ұйғарды. Күдікті абақтыға қамалып, тергеуге тартылатын болды. Көпшілік жерде ережені ескермеген жолаушыға бұзақылық бабы мен террорлық шабуыл туралы жалған сөйлегені үшін қылмыстық іс қозғалды.
«Бортта деструктивті мінез-құлық көрсетуге және ережелерді бұзуға мүлдем жол берілмейтінін және бұл заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз», – деп мәлімдеді әуе компаниясы.
Айта кетейік, лоукостер 2024 жылы тәуелсіз аудитор арқылы компанияға тиесілі қомақты қаражат жымқырылғанын анықтады.