Қазақстан 8,1 млн тонна астығын экспортқа шығарды. Қай елдерден сұраныс жоғары?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2024 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін 5 млн тонна жаңа астық тасымалданды / Фото: kursiv.media архиві

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық астыққа қай елдерден сұраныс жоғары болып отырғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы «Қазақстан темір жолы» арқылы шетелге 8,1 миллион астық жөнелткен. Министрлік қазақстандық астыққа көбіне қай елдерден сұраныс жоғары болып отырғанын мәлім етті. Мәселен, Өзбекстанға 3,3 млн тонна, Қытайға 1,7 млн тонна, Тәжікстанға 1,2 млн тонна астық жөнелтілген.  Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20% – ға артық.

Сондай-ақ Қазақстан Иран мен Әзірбайжанға астық жеткізуді қайта бастады. Бұл орайда, Иранға астық жеткізу көлемі 2 есеге, яғни 526 мың тоннаға жеткен. Ал Әзірбайжанға – 1,8 есеге,  нақты айтсақ, 211 мың тоннаға өскен.

«2024 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін 5 млн тонна жаңа астық тасымалданды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 50% – ға артық. Экспорт көлемі 57% – ға өсіп, 3,9 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Өзбекстанға 1.5 млн тонна (өсім 45%), Тәжікстанға – 633 мың тонна (57%), Ауғанстанға – 190 мың тонна (51%), Қытайға – 592 мың тонна (2%) экспортталды. Иранға жеткізілім 30 есе артып, 455 мың тоннаны құрады, Әзірбайжанға 188 мың тонна экспортталды»,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспортының қарқыны артқан. Негізінен астық экспортында Ауғанстанға жіберілетін көлем айрықша көбейген. Яғни 71% өсіп, 67 мың тоннадан 115 мың тоннаға дейін өскен. Иранға жіберілетін астық көлемі 30 есе артып, 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға дейін жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз