2024 жылы елдегі қылмыс саны 12,5 мыңнан, 8 мыңға азайған. Алайда Ішкі істер министрі Ержан Саденов мұның өзі әлі де көп деп отыр. Министр қылмыс санын максималды түрде болдырмау керек деп есептеп, биылғы жылды қылмысқа қарсы «Профилактика жылы» деп жариялады.
Ведомство басшысының сөзіне сенсек, аса қауіпті қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау сынды қылмыстар саны төмендепті. Жасөспірімдермен, қоғамдық орындарда және қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар да елімізде жиі кездеседі. Министр олардың да саны азайды деп сендірді.
«12 ай ішінде 7920 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 3430-ы қылмыс. Шамамен 22 тонна есірткі тәркіленді. 63 есірткі зертханасы жойылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес – полиция жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық етіп, оған қатысудың 45 фактісі анықталып, жолы кесілді, оның ішінде үшеуі трансұлттық болған»,- деді министр.
Өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін іздестіріліп жүрген 1949 қылмыскер ұсталған. Ал жол қауіпсіздігі мәселесіне келер болсақ, 2024 жылы жалпы 30 мыңнан астам жол апаты тіркелген. 2024 жылды «Кадрлық әлеуетті арттыру жылы» деп жарияланған министр, бұл жолы қылмыстың алдын-алу, яғни «Профилактика жылы» болатынын мәлімдеді. Тіпті қоластындағыларға қылмысты мейілінше болдырмау керек деп, қатаң тапсырма берді.
«Ең бастысы – қылмыстардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою. 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаймын. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеймін«, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Оған сәйкес, енді есірткі өндіру және өткізумен айналысатындар үшін жаза күшейді.