Қазақстандықтар қолма-қол ақшаға көшіп жатыр — Ұлттық банк зерттеуі
Қазақстандықтар арасында қолма-қол ақшаға сұраныс артты. Мұны Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр.
Мәселен, бір жыл бұрын сауалнамаға қатысушылардың тек 23,9 %-ы өз жинақтарын қолма-қол ақша түрінде сақтауды жөн көрсе, 2024 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 38 %-ға дейін артқан.
Сонымен бірге банктік депозиттерге қызығушылықтың төмендеуі байқалады. Респонденттердің 53%-дан астамы ақшаны депозиттерде сақтайтындықтарын мәлімдеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 71%-ды құраған еді. Депозитке қаржы жинау деңгейі 2024 жылдың тамызынан бастап айтарлықтай төмендей бастаған.
Капиталды сақтау мен көбейтудің басқа құралдарының танымалдылығы да артып келеді. Мысалы бағалы қағаздарға ие азаматтардың саны 4 %-дан 7,4%-ға дейін өскен. Әсіресе, жылжымайтын мүлік нарығындағы инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. Сауалнамаға қатысушылардың 32 %-ы қаражаттарын тұрғын үйге салуды жөн көретіндерін айтты. Ал бір жыл бұрын олардың үлесі небәрі 10,9% болған.
Сауалнама жалпы 1,5 мың адам арасында жүргізілген. Олардың ішінде 30,9%-ы жинаққа ие болса, 59,2%-ы ақша жинауға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Жинаққа ие қатысушылардың 35%-дан астамы бір жыл ішінде жинақтарының артқанын мәлімдесе, 44%-ында өзгеріссіз қалған. Ал 16,1%-ның жинақтары азайған.
Респонденттердің 75%-дан астамы негізгі табыс көзі ретінде жалақыны көрсеткен, 31%-ы мемлекеттік жәрдемақыларды, ал 10,7%-ы алимент пен туыстардың қаржылай көмегін атаған. Ең үлкен топты 33,2% құрады, олар айына 150-300 мың теңге аралығында табыс табады. 27%-дан астамы 300-500 мың теңге аралығында табыс алатындарын айтса, 15,6%-ы 100-150 мың теңге аралығында табыс табады.