Алматы облысы Қаскелен қаласындағы құрылыс дүкенінің қоймасы өртеніп жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
«Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы ұйымдастырылды. Жақын орналасқан тұрғын үйлерді оттан қорғау және өртті сөндіру үшін су оқпандары берілуде» делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ТЖД 30 адамға жуық жеке құрамы мен 10 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Желіде өртеніп жатқан аумақ «Жер ана» базарына тиесілі екені туралы ақпарат тарады. Алайда базар әкімшілігі мұны терістеді.
«Тарап жатқан ақпаратқа қатысты: өрт базар аумағында емес, оның жанындағы қоймада орын алды. Бұл жағдай біздің базарға қатысы жоқ, аумақтағы жағдай толығымен бақылауда. Сабыр сақтауларыңызды сұраймыз және тек ресми ақпаратқа сенулеріңізді өтінеміз» делінен базар әкімшілігінің ақпаратында.
Электрондық үкімет порталының мәліметтеріне қарағанда, іргесінде өрт болып жатқан базардың бірінші басшысы Николай Орленко деген азамат. Базардың заңды иесі «ЖЕР-АНА ЛТД» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның үш құрылтайшысы бар. Олар: Әлия Меңдібаева, Пьер Лукас, Рустем Меңдібаев.