“Аз бала табу, немере бақпау, қаржылық тұрақтылық”. Елдегі отбасы институты қалай өзгеріп жатыр?

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда отбасы мен неке институты ұзақ уақыт бойы трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Бұл туралы «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасында айтылады.

Цифрлар

2009-2021 жылдар аралығындағы санақаралық кезеңде Қазақстанда отбасы саны 38,7%-ға өсіп, 5 578 947 бірлікті құраған.

Қазақстан халқы үшін отбасы ең алдымен бақыт пен махаббат (44,9%), ұрпақ тарату (41,7%) және өмірдің мәні (40,7%) сияқты ұғымдармен байланысты.

Некеге тұрудың маңызды себептері ретінде төмендегідей жауаптар аталған: «Махаббат» – 59,9%, «Көзқарастар мен қызығушылықтар ортақтығы» – 17%, «Баланың дүниеге келуі» – 10,7%, «Ата-анадан тәуелсіз болу» – 5,5%, «Материалдық жағдайды жақсарту» – 5% және «Жоспарланбаған жүктілік» – 1,2%.

Отбасы институтындағы өзгерістер

Зерттеуде ерлі-зайыптылар арасындағы дәстүрлі неке қатынастары мен отбасындағы үлгілер өзгеріп жатқаны көрсетілген. Ол өзгерістерге жаһандану процесі бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар және әлеуметтік желілер арқылы әсер етіп жатыр дейді сарапшылар. 

«Қазақстанның феномені ретінде қоғамның тұтынушылық сипаты сақталып отыр және көпбалалы болуға ұмтылыс жоқ. Отбасылардың жартысынан көбінің бір баласы бар, ал көпбалалы отбасылар 10%-дан аз. Көпбалалы отбасылар негізінен оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Қазақстанда балалардың құндылығы жоғары отбасылар немесе балаларға бағытталған отбасылар қалыптасуда. Бала күтуші институты жақсы дамып келеді, ал тұрмыстық мәселелер (мысалы, тамақ дайындау, тазалау және шаруашылық жүргізу) отбасынан тыс аутсорсингке беріле бастағаны байқалған», –делінген зерттеуде.

Баяндамада гендерлік шекаралар біртіндеп жойылып, шаруашылық және тұрмыстық міндеттер тең бөліне бастағаны айтылады.

«Менің құрдастарымның көпшілігі әже болды немесе болады. Әжелер немерелерінің тәрбиесіне араласпайтынын айтады. Бұрын бұл міндетті болатын. Қазір әжелер санаторийге барғым келеді дейді. Балалар өздері қалай болса, солай жасасын. Осындай сөздерді естимін. Бұрын бұл мінез-құлық сипаттамасы емес еді. Бұл либералды батыс қоғамдарына тән нәрсе. Менің ойымша, бұл тұтынушылық қоғамның әсері», – дейді зерттеуге қатысқан әлеуметтанушылардың бірі.

Өңірлік ерекшеліктер

Өңірлік ерекшеліктер оңтүстік, батыс, солтүстік-шығыс өңірлер мен мегаполистер арасында айқын көрінеді. Елдің үш мегаполисінің бірі – Шымкент қаласында дәстүрлі отбасы құрылымының өзгермегендігі байқалады. Айталық, көпбалалы болу және гендерлік рөлдердің айқын бөлінуі.

Ал солтүстік-шығыс бөлігінде гендерлік теңдіктің айқын белгілері көрініс табатын отбасылық дәстүрлер көбірек байқалады.

Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында отбасылық өмірге деген көзқарас өзгеріп, қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылыққа басымдық берілуде. Ал ата-аналар қыздарын тұрмысқа шыққанға дейін өзінің баспанасы болуын қамтамасыз етуге тырысады.

Сондай-ақ оқыңыз