Интим материалдар дайындаған ірі қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды
Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті трансұлттық ҰҚТ құру және оған қатысу фактісі бойынша көп эпизодты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлады.
2023 жылдың тамыз айында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөліністерімен бірлесіп Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында Қазақстан мен жақын шетелдердің азаматтарын ұстаған. Олар модельдік агенттіктің атын жамылып, Web-Cam арқылы интимдік сипаттағы материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.
Қылмыстық бизнеске 18 жастан 25 жасқа дейінгі қазақстандық қыздар тартылған.
Қылмыстық топтың ақша айналымы үш миллиард теңгеден асқандығы анықталған.
– Өткен жылдың желтоқсан айында осыған ұқсас қылмыстық сызбаның жолы кесілді. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен аумақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің жедел уәкілдері бір мезгілде еліміздің 11 өңірінде аталған қылмысқа қатысы бар 50-ден астам адамды құрықтап, жеткізді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҰҚТ құру және оған қатысу фактісі бойынша жүргізілуде, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қылмыстық іс бойынша 21 адам күдікті деп танылған. Олардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.