Украинадағы соғысқа қатысқан ұлытаулық азамат сотталды

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Украинадағы соғысқа Ресейдегі жеке жасақтардың бірінің сапында қатысқан қазақстандық сотталды. Бұл туралы Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

Сотталушы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған, қарулы қақтығысқа және шетел мемлекетінің аумағындағы әскери әрекеттерге жалдамалылық белгілерінсіз қасақана заңсыз қатысқан деп айыпталған.

Мән-жайы

«Г» есімді тұрғын 2022 жылдың күзінде Қазақстан азаматы бола тұра «В» жекеменшік әскери компаниясының құрамында қарулы қақтығысқа қатысуға бел буған. Ол шетел билігі орыс ұлтының құқықтарын шектеп жатыр деп санаған. Оның қайтыс болған әкесі «Г» (1931 жылы туған) Харков қаласының тумасы болған.

«Г»  жекеменшік әскери компанияның өкілдерімен байланыс орнатып, алдымен Жезқазғаннан Петропавлға пойызбен барып, сол жерден таксимен Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен. Ресейдің Краснодар өлкесіндегі «Молькино» ауылындағы оқу-жаттығу лагеріне барып, онда ЖӘК өкілдерімен келісімшарт жасаған. «Г» ай сайын 240 000 рубль еңбекақы алуға, қаза тапқан жағдайда досы «С»-ға 5 000 000 рубль көлемінде қаржылай өтемақы төленетініне келіскен. 

«Сол күні ол ЖӘК-тің артиллериялық әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасына жауапты болып тағайындалып, 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 6 шілдесіне дейін ол шетел Қарулы күштеріне қарсы әскери тапсырмаларды орындап, өз қылмыстық әрекеттерін жалғастырған» делінген хабарламада.

Сот үкімі

2023 жылдың 28 шілдесінде айыпкер «Внуково – Астана» әуе рейсімен Қазақстанға оралған.

Сот отырысында сотталушының кінәсі дәлелденген, өзі де кінәсін толық мойындаған.

Сот үкімімен «Г» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз