Жаңалықтар

Қазақстан Ыстықкөлдегі курорттық нысандарын 3-4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізеді

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстан мен Қырғызстан Ыстықкөл облысының аумағындағы  курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді ратификациялайды. Құжаттың жобалық нұсқасы legalacts.egov.kz порталында жарияланды.

Оған сай, қазақстандық тарап Қырғызстан заңнамасына сәйкес курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілерін инвесторларға беруді пысықтайды. Сондай-ақ қазақстандық міндеттемелердің орындалу мерзімін ұзартады.

Келісім аясында қазақстандық тарап курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілерін 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізу бойынша міндеттемелерді өзіне алды.

Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Қырғыз Республикасы Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiм 2006 жылғы 4 шiлдеде жасалған. Оның аясында Қазақстан 4 курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiн 49 жылға жалға алған.

Жобаны қоғамдық талқылау 2025 жылғы 28 қаңтарға дейін жалғасады.