Қазақстан шетелдіктерге банк картасын ашу талабын қатаңдатты
Қазақстан шетелдіктердің қатысуымен болатын заңсыз қаржы айналымы тәуекелінің алдын алмақ. Осы мақсатта шетелдіктерге банк картасын ашу талабын қатаңдатылады. Нақтырақ айтқанда шет ел азаматтарына төлем картасы бір жылға ғана берілетін болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арнайы қаулыға осындай өзгеріс енгізген.
Агенттік есірткі мен цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында банк қызметтерін пайдалану тәуекелдерін азайту үшін бақылау шараларын қатаңдатпақ.
Соған сәйкес, банктер бейрезиденттерге төлем картасын тек бір жылға аша алады. Бұл шектеудің кәсіпкерлер, дипломаттар мен инвесторларға қатысы жоқ.
«Қазақстан Республикасының бейрезиденттері үшін төлем карточкаларының қолданыс мерзімі бойынша – 12 ай шектеулер белгіленді», – делінген хабарламада.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, бұл шектеу бейрезиденттердің бұған дейін ашып, қолданып жүрген карталарына таралмайды.
Одан бөлек, қаржы ұйымдары ашық дереккөздер мен ресми құжаттарға сүйене отырып, клиентінің түпкі иесі кім екенін тексеруі тиіс.
Сонымен қатар реттеуші банктерге заңсыз қаржы айналымына қатысы бар операцияларды бірден анықтауды тапсырды. Олардың арасында заңсыз есірткі өндірісі, айналымы және транзит, «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелмеген цифрлық актив биржалары мен электрондық казино, интернет-казиноларға төлем жасау мен ақша аудару бар.
Жаңа талаптарға сәйкес, банк бір банктен 5 карта ашып алған клиенттерді, сондай-ақ үш түрлі банктен үш төлем картасын иеленетін клиентке баса назар аударуы керек.