Миллиардер Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Resources холдингінің акционерлер құрамы өзгерді. Қазақстан қор биржасына жіберілген хабарламаға сәйкес, Vitablasis Ltd компаниясының үлесін БТА банк иеленген. Екі компания да Рақышевтың өзіне тиесілі.
Бұл ретте Vitablasis Ltd компаниясы холдинг акционерлері құрамына 2024 жылдың қыркүйек айында ғана енген болатын.
2024 жылдың 9 айындағы қаржы есебінде Fincraft Resources қарапайым акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, қалған бөлігі басқа тұлғаларға тиесілі делінген. Компанияның түпкілікті бенефициары – Кеңес Рақышев. Кәсіпкердің компаниясы 2024 жылдың 9 айында 524 млн теңге шығынға батқан.
2024 жылы Fincraft Resources бірнеше активін иеліктен шығарды. Былтыр маусым айының соңында Nomad west oil мұнай компаниясының 50 пайыздық үлесінен құтылса, Батыс Қазақстан облысында гипс өндіріп жүрген «Индергипс» компаниясындағы үлесін сатты.Одан бөлек, 4 қарашадан жұмыс істемей тұрған «Орталық Азия инвестиция-консалтинг» деген еншілес мекемесін жапты.
Қазір холдинг құрамында 4 компания қалған. Олардың қатарында «Ертіс» ферроникель комбинаты мен «Қазникель» компаниясы бар.
«БТА Банк» 2015 жылы лицензиясын ерікті түрде тапсырып, банк қызметін тоқтатқан. Ал 2016 жылы Рақышев банктегі үлесін 97,79%-ға дейін жеткізді. Екі жылдан соң, БТА Банкінің 29% акциясын «Fincraft Group» ЖШС-ның жарғылық капиталына үлес ретінде берді. Қалған акциялар пакеті сол компанияға сенімгерлік басқаруға берілген.
Кеңес Рақышев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 19-орында тұр. Оның байлығы 435 млн долларға бағаланады.