32 млрд теңге айыппұл салынған «Маңғыстаумұнайгаз» Жоғарғы сотқа шағым түсіреді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына 32 млрд теңге айыппұл салынды
«Маңғыстаумұнайгаз» Жоғарғы сотқа шағым түсіреді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экологиялық залал келтіргені үшін 32 млрд теңге айыппұл салынған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы осы шешімге байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсіреді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, компания әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 328-бабының 1-бөлігі мен 6-бөлігі бойынша 31 млрд теңге айыппұл төлеу туралы Қарақия аудандық сотының шешімінің күшін жою туралы өтінішті Жоғарғы сотқа ұсынбақ.

Бұған қоса, 2024 жылдың 11 желтоқсанындағы экологиялық нормаларды бұзғаны үшін салынған тағы бір айыппұлға, 1,2 млрд теңгеге қатысты шешімге байланысты Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.

Айта кетейік, 4 желтоқсанда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 32 млрд теңге айыппұл салынып, үкім заңды күшіне еніп үлгерген. Маңғыстау облыстық прокуратурасы тексеру барысында компанияның ағынды суларды жер қойнауына жіберу және шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтауға қатысты талаптарды бұзғанын анықтаған.

Аталмыш компания Маңғыстаудағы Қаламқас және Жетібай кен орындарын иегерді. Оның негізгі құрылтайшылары: «Қазмұнайгаз» бен қытайлық CNPC компаниялары.

Сондай-ақ оқыңыз