Қазақстандық QazaqGaz ұлттық компаниясы Түрікменстандағы газ кен орындарын игеруге қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«QazaqGaz Түрікменстандағы газ кен орындарын, соның ішінде аса алып Галкыныш газ-мұнай кен орнын игеруге қатысуды жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.
Көрші елдің газ кен орнын игеру мәселесі «QazaqGaz» басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен «Abu Dhabi National Oil Company» (ADNOC) компаниясының өкілі Мохаммед Аль-Арьянидің кездесуі кезінде талқыланған. Қос тарап екі елдің бірлескен геологиялық барлау жобаларын талқыға салған.
QazaqGaz-дың Түрікменстанда жұмыс істеуіне байланысты ынтымақтастыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге барған сапарында қол қойылған.
Галкыныш кен орны Түрікменстанның оңтүстігіндегі Мары уәлаятында орналасқан. Елдің мемлекеттік жоспарына сәйкес, бұл кен орнынан Қытай мен Үндістанға газ жіберу көзделген.