Шерзат ісінен кейін Талғар аудандық полиция басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Асхат Бекенов Талғар ауданының полиция басқармасына басшысы болды
Асхат Бекенов Талғар ауданының полиция басқармасына басшы болды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Талғар аудандық полиция басқармасының жаңа басшысы қызметіне Асхат Бекенов тағайындалды. Бұл туралы жергілікті полиция департаменті хабарлады. Бұған дейін міндетті Айдар Омаров атқарған. 

«Талғар ауданы полиция басқармасының жаңа басшысы болып полиция полковнигі Бекенов Асхат Барлыбайұлы тағайындалғанын хабарлаймыз», – делінген хабарламада

Полиция департаменті Бекеновтің өмірбаяны мен қызметтік жолы туралы ақпаратты жария етпеді. Желіде де ол туралы ақпарат жоқ.

2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында 16 жасар Шерзат Полат кісі қолынан мерт болғаннан кейін, Алматы облыстық және Талғар аудандық құқық қорғау органдарында ауыс-түйістер басталды.

Атап айтқанда, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров, облыс полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов, облыс ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы Руслан Смағұлов, облыстық ПД қылмыстық топтарға қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров қызметінен босатылды. 

Осы істің әсерінен Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов те қызметінен босап, желтоқсан айынан бастап бұл қызметті уақытша Айдар Омаров атқарған еді.

Сондай-ақ оқыңыз