Ақтөбеде бірнеше тұрғынды кепілге алған күдікті ұсталды. Екі адам қаза тапты
Ақтөбеде кепілге алынған екі адам қайтыс болды / фото: shutterstock
Ақтөбеде бірнеше тұрғынды кепілге алған күдікті ұсталды. Кепілге алынған үш адамның екеуі қайтыс болды. Бұл туралы Ақтөбе қаласының полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, бірі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Бірі операция үстелінде көз жұмды. Үшінші адамның жағдайы ауыр.
Оқиға туралы ақпарат «102» қызметіне кешкі сағат сегіздер шамасында түскен. Белгісіз ер адам 1905 жыл көшесіндегі жер үйге кіріп, үш адамды кепілге алған. Кепілге алынған – бойжеткен қыз бен оның ата-анасын сарайда ұстаған. Оқиға орнына жедел жеткен арнайы топ күдіктімен келіссөз жүргізіп, үш адамды босатып, күдіктіні қолға түсірді.
«Кепілге алынған адамдарды құтқару операциясы сәтті өтті. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды», – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.
Дәрігерлердің айтуынша, қайтыс болған 67 жастағы әйел – зардап шеккен қыздың анасы – жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ал 75 жастағы әкесі алған жарақаттарының ауырлығынан операция үстелінде жан тапсырды.
Құтқарылған қыздың да жағдайы ауыр. Дәрігерлердің мәліметінше, 1984 жылы туған науқас бас-ми жарақаты диагнозымен жансақтау бөлімінде жатыр.