Спорт клубтарындағы легионерлер елдеріне қайтарылып жатыр. Бүгінде олардың саны азайған. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, казіргі таңда ұлттық құрамаларда легионерлер жоқ. Ал спорт клубтарындағы шетелдік ойыншылар саны азайып келеді. Министр «Барыс» хоккей клубын мысал ретінде келтірді.
Қыркүйек айында «Барыс» хоккей клубы барлық шетелдік ойыншылармен қош айтысып, маусымды қазақстандық хоккейшілермен жалғастыруды ұйғарды.
Сонымен қатар Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы шетелдік ойыншылармен қош айтысқан. Алайда 2024 жылы Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Әділет Барменқұлов легионерлерге қойылған шектеулерді алып тастаған болатын. Бұл шешім бірқатар пікірталас тудырды. Жылдың соңында федерацияның басшылығы ауысып, жаңа президент тағайындалды. Ендігі кезекте легионерлерге қатысты шектеулер қайта қарастырылатын болады.
Министр Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, елдегі спорт саласының басты мақсаты – жергілікті спортшыларды дамыту. Легионерлерді азайту арқылы қазақ спортшыларының өзін көрсетуіне және халықаралық аренада жетістікке ұмтылуына мүмкіндік жасалмақ
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік бюджеттен шетелдік спортшыларға, яғни легионерлерге қаражат бөлмеуге қатысты құқықтық норманы Үкімет қолдаған еді.