Халық жаппай қолма-қол ақшаға көше бастаған. Сауда министрі электронды сауда көлемін қалай арттырады?
Мобильді аударымдар тексеріле басталғандықтан, қазақстандықтар соңғы уақытта қолма-қол ақшаға ауыса бастаған. Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электронды сауда көлемін 2029 жылға қарай 9,3 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Министрден БАҚ өкілдері бұл жұмыстың қалай атқарылатыны жөнінде сұрады.
«Жақында Ұлттық банк зерттеу жариялады. Онда қазақстандықтардың жаппай қолма-қол ақшаға көше бастағаны туралы айтылған. Жалпы, мобильді аударымдар тексеріле бастаған соң, көпшілік ақшаны аударыммен емес, қолма-қол төлегенді дұрыс көреді. Мобильді аударымдарға шектеу қою электронды саудаға кері әсер етпей ме?» – дегене сауал қойды журналист.
Министр халықтың қолма-қол ақшаға көшуі электронды саудаға әсер етуі мүмкін екенін айтты. Десе де, онлайн сауда көлемінің жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерер болсақ, бұл көрсеткіштер алдағы уақытта айтарлықтай өсуі мүмкін.
«2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылдың 11 айында онлайн сауда көлемі 1,3 трлн теңгеге артқан. Ал жоспарға сәйкес, бөлшек сауда көлемі 15%-дық көрсеткішке жетуі керек. Дұрыс айтасыз, электронды сауданы ынталандыру үшін біз бұл мәселені қарауымыз керек. Дегенмен электрондық сауда көлемі жыл сайын артып отыратынына сенімдіміз», – деді министр.
Айта кетейік, 13 қаңтар күні Ұлттық банк қазақстандықтардың жаппай қолма-қол ақшаға көшіп жатқанын айтты. 2023 жылы сауалнамаға қатысқандардың 23,9 %-ы өз жинақтарын қолма-қол ақша түрінде сақтауды жөн көрсе, 2024 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 38 %-ға дейін артқан.