Қазақстанды «алаяқтық жасады» деп айыптаған ресейлік орган бұл жолы «зиянкестер» үшін тағы да ескерту жасады

Жарияланды
Мекеме пікірінше, Қазақстан уақытша шектеулерді сақтамай отыр/фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесі Қазақстанға «зиянкестері бар астық жіберіп жатсыңдар» деп айып тағып отыр. Ресейлік порттарға қазақстандық астықты өткізбейтін ниетін де жасырмаған.

Мекеме өкілдері Қазақстанның құзырлы органдарымен келіссөз өткізіп, Ресейге астық өнімдерін жеткізуге қойылған шектеуді сақтауды талап еткен.

Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералды қызмет хабарлауынша, 2025 жылы 13 қаңтарда Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесі жетекшісінің орынбасары Антон Кармазин Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековпен бейнебайланыс арқылы келіссөз жүргізген.

Келіссөз барысында мекеме өкілі 2024 жылы 17 қарашадағы Қазақстанда өндірілген бидайды, зығыр ұрығы мен жасымықты тасуға уақытша  қойылған шектеулердің сақталмағаны үшін қазақстандық әріптесіне алаңдаушылық білдірген.

«Мәселен, ведомство астықты қайта ауыстырып тиеуді қарастырмайтын инфрақұрылымдарға – «Ростовский морской мультимодальный порт» ЖСҚ және «Морской торговый порт Темрюк» АҚ-ға 5 мың тонна қазақстандық бидай әкелінгенін анықтады. Оның үстіне, түскен өнімдерден ЕАЭО үшін карантин салынған зиянкес организмдер тапты», – делінген хабарламада.

Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесінің айтуынша, қалыптасқан жағдай өте қауіпті. Өйткені, Ресей аумағына карантиндік нысандар таралып кетуі мүмкін екен. Ортақ порттық инфрақұрылымдарды қолданғандықтан, экспортқа шығарылатын ресейлік астыққа да жұғуы ықтимал.

Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесі енгізілген шектеуді және ЕАЭО фитосанитарлық талаптарын орындау шараларын сақтауды ескертіп отыр.

Өткен қараша айының соңында бұл мекеме «Қазақстан тарапы алаяқтық жасап жатыр» деп айыптаған болатын. Ол кезде Ресей Қазақстанның қауын, бидай және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін шекарадан өткізуге тыйым салды.  Вице-премьер Серік Жұманғарин Ресейдің бұл әрекетін БРИКС-ке мүшелікке өтуді Қазақстанның кейінге қалдырғанымен байланыстырмады. Десе де, Қазақстан үкіметі де артынша ресейлік бидай тасымалына қатысты осы тақілеттес шара қолданды.

Сондай-ақ оқыңыз