Қазақстанда ешқашан өзгермейтін, тұрақты баға болмайды – Арман Шаққалиев

Жарияланды
«Министрліктің міндеті – баға өсімінің «жарылыс» сипатын болдырмау»- Шаққалиев/фото: KursivMedia мұрағаты

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде ешқашан тұрақты, өзгермейтін баға болмайтынын айтты. Өйткені бағаға әсер ететін түрлі факторлар бар. Министрліктің бағаға қатысты қандай саясат ұстанатынын да жеткізді.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Арман Шаққалиевқа азық-түлік және жеміс-жидек бағасы туралы сұрақ қойылды. Соңғы кездері елімізде жеміс-жидек, соның ішінде алма бағасы күрт  қымбаттаған. Әсіресе, қазақстандық алма бағасы шарықтап кеткен. Журналистер бұған не түрткі болғанын, басқа қандай азық-түлік бағасы өсуі мүмкін екенін сұрады.

«Біз нарықтың әр алуан болғанын, өз өнімдеріміздің жеткілікті болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Тауар көп болса, бәсекелестік болады. Қияр болсын, алма болсын, әр тауарға экономикалық фактор ықпал етеді. Әрқашан өндіруге қатысты шығындар, жеткізу және басқа да дүниелердің ықпалы  туралы айтамыз», – деді Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда өзгермейтін баға ешқашан болмайды. Макро көрсеткіштер бар. Бағаның жалпы индекстері бар. Министрліктің міндеті – баға өсімінің «жарылыс» сипатын болдырмау және нарықтағы тапшылықтың алдын алу, дүрбелең сұранысқа қарсы тұру. Бір тауар бүгін 500 теңге тұрса, ертең 700 теңге тұруы ықтимал. Құбылмалылық әрқашан көрініс беріп отырады.

«Қазір алма тапшылығы жоқ.  Алма бағасына қатысты әртүрлілік бар. Көтерме саудада баға басқа, бөлшек сауда да басқа баға. Сауда желілеріндегі баға тартымдырақ. Қазақстанда тұрақты баға ешқашан болмайды. Тариф бағалары да өсіп жатыр. Отын бағасы қымбаттады. Бұл логистикаға, сақтауға және басқа да нәрселерге ықпал етеді», – деді ол.

Министр келтірген деректерге сүйенсек, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша баға индексі 0,2 болған. Жалпы алғанда, былтыр азық-түлік инфляциясы 5 пункт деңгейінде өскен.

«Соңғы он жылда алғаш рет азық-түлік инфляциясы 1,4 пайыз болып отыр. Алдыңғы жылдардағы көрсеткіш бұдан жоғары болды», – деді министр.

Мұның алдында Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда тіркелуге міндеттелетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз