Америка 120 елге чип сатуға шектеу қойды

Жарияланды
чип
Джо Байден ЖИ-ге арналған чиптердің экспортына шектеу қойды/Фото: shuttershctock

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі ЖИ жүйесіне арналған жоғары технологиялық чиптердің экспортына тыйым салатынын мәлімдеді.

Экспортқа шектеу Ұлыбритания, Германия, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді АҚШ-тың одақтастарына таралмайды. Яғни Америкаға ең жақын 18 мемлекет ЖИ-чиптерін қанша көлемде болсын сатып ала алады.

Ал өзге 120 елге лимит қойылған. Әр қайсысы жылына 50 мың процесстордан артық сатып ала алмайды. Бірақ жеке компаниялар лимит аяқталса да чипті сатып алуға арнайы рұқсат алуына мүмкіндік бар. Чиптің экспортына шектеу қойылған елдер арасында Израиль, Польша, Швейцария, Португалия, Мексика, Қытай бар.

Америкалық басылымдардың жазуынша, жаңа ережелер бірінші кезекте Қытайға ЖИ-чиптерді жеткізуге шектеу салуға бағытталған. Әрі технологиялық компаниялардың АҚШ-тың серіктес елдеріне дата-орталықтарды көбірек салуына себеп болады.

Бірақ технологиялық алпауыттардың өзі бұл шешімге теріс пікір білдірді. Олардың мәлімдеуінше, жаңа өзгерістер америкалық хайтек саланың дамуына және сатылымға кері әсерін тигізеді. ЖИ-ге арналған ең көп чип өндіруші Nvidia бұл ережені «қате және әлем бойынша экономика мен инновацияға зияны бар» деп мәлімдеді.

Дегенмен жаңа заңның қалай күшіне енетінін Дональд Трамп әкімшілігі шешеді деп жазады шетелдік БАҚ. Егер Дональд Трамп әкімшілігі бұл заңды қолдаса, жаңа өзгеріс бір жылдан кейін күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз