Ұлттық банк долларды сату мен сатып алуға қатысты жаңа ереже енгізді

Жарияланды
валюта бағамы
Доллар мен еуроны сатып алу-сатуға қатысты шектеу қойылды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық Банк айырбастау пункттеріндегі шетелдік валюталарды сатып алу және сату бағамдарының арасындағы спредті белгіледі.

Спред дегеніміз не?

Спред – валютаны сатып алу мен сату бағасының арасындағы айырмашылық.

Реттеушінің жаңа өзгерісі бойынша, енді айырбастау пункттерінде долларды сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден аспау керек. Яғни америкалық валюта 528 теңгеден сатылса (Ұлттық банк сату курсы, 14.01.2025), оны сатып алу бағамы 535 теңгеден аспайды.

Ал еуроны сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 10 теңгеден аспауы тиіс. Егер бұл валюта 539 теңгеден сатылса (Ұлттық банк сату курсы, 14.01.2025), оны сатып алу бағасы 549 теңгеден асып кетпеуі қажет.

Аталған шектеулер қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін айырбастау операцияларына әсер етпейді.

Жаңа өзгеріс не үшін керек?

Ұлттық банк бұл шараны ең алдымен валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетіп, теңге нарығын тұрақтандыру үшін жасалды деп түсіндіреді.

Осыған дейін шетелдік валютаны сату мен сатып алу арасындағы спредті белгілеу 2020 жылғы 16 шілдеден 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған. Оған себеп – 2020 жылғы ұлттық теңгенің құбылысы. Сол жылы наурызда сыртқы экономикалық жағдайға байланысты күрт әлсіреп, бір доллар курсы 450 теңгеге дейін жеткен еді. Айырбастау пункттерінде жағдай одан әрі ушығып, алыпсатарлар көбеймес үшін реттеуші осындай шектеу енгізді.

Былтыр жыл соңында да төл валютамыз күрт әлсіреп, 10 қазанда доллар бағамы 490 теңге деген көрсеткіштен асты. Қазір айырбастау пункттерінде шетелдік валюта 529-530 теңгеден, еуро 541-542 теңгеден бағаланып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз