«Әдемі жарнама жасады». Jusan Invest салымшылары 10 млн долларға алданып қалғанын айтады

Жарияланды
Jusan Invest брокері салымшылары 10 млн долларға алданып қалғанын айтады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«First Heartland Jusan Invest» компаниясының салымшылары қаржы ұйымының заңсыз әрекеттерінен 10 млн доллар зардап шеккен. 20 шақты адам қазір брокерлік агенттікті сотқа беру үшін шағымдарын дайындап жатыр. Бұл туралы KursivMedia-ға салымшылардың қорғаушысы әрі ресми өкілі Айдар Қошқарбаев айтып берді.

«Барлығымызға жақсы қаржы әкелетін табыс ретінде көрсетілді»

Jusan Invest салымшыларының айтуынша, олардың бұрын Jusan Bank-те депозиттері болған. Депозит мерзімдері аяқталуға аз қалғанда, банк өкілдері хабарласып, есепшотта жатқан қаржыны құрылымдық ноталарға ауыстыруды ұсынған.

«Біз қаржы құралдарын «First Heartland Jusan Invest» АҚ және «JusanBank» АҚ-ның менеджерлерінің жарнамасы мен ұсынысы бойынша сатып алдық. Кейін жұмыстары үшін олар басшылық тарапынан үлкен қаражат алғанын білдік. Бізге күнделікті менеджерлер хабарласып, бұл салымдар туралы әдемі жарнама жасады. Қаржы құралдары сенімді инвестициялық салым ретінде ұсынылды, барлығымызға жақсы қаржы әкелетін табыс ретінде көрсетілді», – деп жазылған салымшылардың мәлімдемесінде.

Осыдан кейін 2021 жылы олар «First Heartland Jusan Invest» АҚ-ның «Сезон Изобилия», «Формула Здоровья», «Атлант», «Тумар», «По следам Кальмара», «Энергия будущего», «Победитель», «Мировые лидеры», «Авангард» және басқа құрылымдық ноталарын сатып алған.

«Менеджерлер қауіп-қатер туралы айтпады»

2023 жылдың мамыр айында «First Heartland Jusan Invest» АҚ-ның мобильді қосымшасы істен шығып, деректерді көрсетуді тоқтатты. Салымшылар соның салдарынан «ноталарымыздың құны қалай өзгеріп жатқанын көре алмадық» деп отыр.

Біраз уақыттан кейін қосымша жұмысы қалпына келтірілді. Бірақ ол кезде құрылымдық ноталардың құны бірден өзгеріп, 70%-ға, кейбір ноталар бойынша 90%-ға дейін төмендеген.

«Құрылымдық ноталарды сату үшін уақытында әрекет ете алмадық, себебі брокер бізді уақытында хабар бермеді. Құрылымдық ноталардың құнының бірден төмендеуі нәтижесінде айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырадық. Менеджерлер бұл салымдарға жарнама жасағанда, ешқандай қауіп-қатерлер жөнінде айтпаған. Керісінше, үлкен табыс әкеледі деп уәде етіп, алдап соқты», – дейді салымшылар.

Зардап шектік деген тұлғалар «First Heartland Jusan Invest» АҚ-ға өтініш жасайды. Бірақ еш нәтиже шықпаған. Осыдан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тергеу жүргізу туралы өтініш білдіреді. Айдар Қошқарбаевтың мәліметінше, агенттік тексеру кезінде мобильді қосымшаның жұмысы, ноталардың ұсынылуына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар тапқан. Енді сол тексеру нәтижесі Бас прокуратураға жіберілді.

«Заң бұзушылықтар анықталғанына қарамастан, зардап шеккен тұлғалардың шығындарын өтемеді. Қазіргі уақытта біз 20 адамбыз, бірақ зардап шеккендердің саны әлдеқайда көп деп ойлаймыз. Алдағы уақытта банкті осы заңсыз әрекеттері үшін сотқа береміз», – дейді салымшылар

Брокерлер барлық қаржы құралдары туралы ақпаратты сәт сайын хабарлап отыруға міндетті емес

KursivMedia бұл іске қатысты Jusan Invest брокерлік агенттігіне сауал жолдады. Қаржы ұйымының түсіндіруінше, барлық мәселе брокердің келісімшартына байланысты екен.

«Қазақстан заңнамасына сәйкес, брокерлер үнемі барлық қаржы құралдарының құны жайлы хабарлап отыруға міндетті емес. ҚР заңында бекітілгендей, клиентке шынайы уақыт режимінде ақпарат беру тәртібі мен шарты брокердің ішкі ережесі мен ішкі келісімі арқылы анықталады», – деп жазылған Jusan Invest жауабында.

Ал қаржы ұйымының ішкі құжаттарында клиенттерге ақпарат беру туралы шарт төмендегідей:

  • халықаралық нарықтағы сауданың нәтижесі, бағасы жайлы ақпараттың жіберілуі Jusan Invest-тің сауда ақпарат жүйелерінің жеткізушісімен келісімшартына байланысты болады
  • Jusan Invest Kase немесе халықаралық құнды қағаздар нарығының тізіміндегі қай қаржы құралының бағасын хабарлап отыратынын өзі шешеді.

«Осы арқылы компанияны нақты уақыт режимінде баға өзгерісі жайлы трансляция болмады деп айыптау негізсіз», – дейді брокерлік агенттік.

Бұған дейін Jusan Invest-тің салымшысы болдым деген PR маманы Қуат Домбай осы мәселеге қатысты Президентке үндеу жасаған еді. Ол қаржы ұйымы сотқа қысым жасайды деп қауіптенеді. Қуат Домбайдың үндеуі және Jusan Invest-тің жауабы жайлы мына жерден оқи аласыз.

«First Heartland Jusan Invest» АҚ-ның акциясы толығымен «First Heartland Jusan Bank» ұйымына қарайды. Ал банк акцияларының 77%-ына «First Heartland Securities» қаржы ұйымы, 19%-ына кәсіпкер Ғалымжан Есенов ие.

Сондай-ақ оқыңыз