«Қазақтелекомға» тиесілі болған «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны катарлық компанияның сатып алуы бойынша мәміле аяқталды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына «Қазақтелеком» компаниясы хабарлады.
«Осымен «Қазақтелеком «АҚ 2025.14.01 PIH Communication LLC пайдасына
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін
сату бойынша мәміле аяқталғанын хабарлайды», – деп жазылған құжатта.
«Мобайл Телеком-Сервис» операторы Tele2 және Altel деген брендпен белгілі. Бұған дейін оның толыққанды акционері – «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «Қазақтелеком» еді.
Енді мобильді операторды катарлық Power International Holding холдингі сатып алды.
«Бұл сатып алу аймақтағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды әлдеқайда жақсартып, Қазақстанмен серіктестікті нығайтады», – деген еді катарлық компания өз хабарламасында.
2024 жылы күзде «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин сату бойынша мәміле 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деген. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, мәміле құны 1 млрд долларды құрауы мүмкін.