Атырауда магистральдық құбырлар салу үшін «KMG PetroChem» Қытайдан қаржы тартпақ

Жарияланды
«KMG PetroChem» жаңа жоба үшін Қытайдан қаржы алмақшы / Фото: «KMG PetroChem» баспасөз қызметі

«KMG PetroChem» басқарма төрағасы Игорь Ильин бастаған делегация Қытайға іс-сапармен барып, газ-химия саласындағы жобаларды дамыту үшін кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегациясы Қытай даму банкі және (CDB) және Қытайдың SINOSURE экспорттық-кредиттік агенттігінің өкілдерімен кездескен. Олар «Атырау облысында бірыңғай дәлізде магистральдық құбырларды (этан, пропан) салу» жобасына қаржы тартуды талқылаған.

«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы Атырау өңіріне магистральдық құбырын салып, жыл сайын 1,6 млн тонна сұйытылған этан және 1,0 млн тонна сұйытылған пропан фракцияларын тасымалдауды көздеп отыр. Әр құбыр 210 шақырымға дейін созылады.

Құрылыс 2028 жылға дейін аяқталып, 500 адамды жұмыспен қамтуы керек.

Одан бөлек KMG РetroСhem серіктесі SINOPEC-пен келіссөздер жүргізіп, Атырау облысында қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу мәселесін талқылады. Бұл жоба бюджет қаржысына салынатын инвестициялық 17 мегажобаның тізімінде бар.

Сондай-ақ қытайлықтармен тағы бір жобаға байланысты талқылау өткізді.

«Карбамид жобасын CNPC компаниясының өкілдерімен және оның еншілес ұйымы – Қытайдың ең көне жобалау институты HQC-мен бірлесіп іске асыру мәселесі де сөз болды. Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпиннің 2025 жылғы маусымда Қазақстанға сапары шеңберінде қол қойылады деп жоспарланған», – деп жазылған компания хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз