Зеленский Украинадағы мобилизация мен әскери жағдайды 9 мамырға дейін ұзартуды ұсынды
Владимир Зеленский Украинада әскери жағдай мен мобилизацияны тағы 90 күнге ұзарту туралы заң жобаларын Жоғарғы Радаға енгізді.
Бұл режимдердің 2025 жылдың 8 ақпанынан 9 мамырына дейін қолданыста болатыны нақтыланды. Ақпарат көзіне сүйенсек, дауыс беру жақын арада өтеді.
Әскери режимді ұзарту бойынша дауыс беру соғыс басталғаннан бері 14-ші рет ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта әскери жағдай мен мобилизация 7 ақпанға дейін күшінде.
Айта кетейік, 2024 жылдың 20 мамырында Зеленскийдің өкілетті мерзімі аяқталды. Украинада жаңа президентті сайлау 2024 жылдың 31 наурызында өтуі тиіс болатын, бірақ әскери жағдай мен жалпы мобилизацияға байланысты бұл іс-шаралар тоқтатылды.
Осыған дейін Владимир Зеленский елдегі мобилизация жасын 18-ге дейін төмендетуге қарсылық білдірген еді.
Ал жуырда, Украина Ресейдің бірнеше қаласындағы өндірістік орындарға зымыранмен, дронмен соққы жасады. Нақтырақ айтсақ, 13 қаңтардың кешінде Украина Қарулы Күштері Брянск облысы Сельцо қаласындағы Брянск химия зауытына зымыранмен соққы жасаған. Кейбір дереккөздерде бұл соққы кезінде америкалық ATACMS баллистикалық зымырандары қолданылғаны айтылады.