Қазақстанда спортқа бөлінетін ақша жыл сайын өсуде, бірақ нәтиже жоқ. Неге?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Отандық спортшылардың нәтижесіне Олжас Бектеновтің көңілі толмады / Фото: kursiv.media архиві

Жыл өткен сайын Үкімет отандық спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөліп келеді. Алайда спортшылардың нәтижесі керісінше төмендеп кетті. Осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов саладағы кемшіліктерді атап, сынға алды.

Үкімет басшысының сөзінше, республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынған. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылыпты. Осыған қарамастан, қазақстандық спортшылардың көрсетіп жүрген нәтижесі көңіл көншітпейді.

«Дей тұрғанмен, спортшыларымыздың нәтижесі төмендеп кетті. Мұның негізгі себептері оларды жүйелі дайындау жұмыстарының болмауында. Жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі және тиімді дайындық әдістерінің жоқтығы да нәтижелерге теріс әсер етті», – деді премьер-министр.

Олжас Бектенов спортшыларды балалар секцияларынан бастап олимпиадалық құрама командаларға дейін тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ екенін де атап өтті.  Спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестік те төмен деп баға берді.

Айта кетейік, өткен жылы спортқа бөлінген ақша айналымын ашық көрсететін «Е-SPORT» цифрлық платформасы іске қосылды. Аталған платформада біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сынды спортқа қатысты басты құжаттар сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз