Жеткізу көлемі төмендеп, Boeing акциялары құлдырады
2025 жылдың 14 қаңтарында Boeing компаниясының акциялары Нью-Йорк биржасындағы сауда-саттықта 2%-ға төмендеп, бір акцияның құны 167 долларға тең болды. Бұл 2024 жылдың 12 желтоқсанынан бергі ең төмен баға.
Компанияның нарықтық капиталдандырылуы 2025 жылдың басынан бері 5%-ға кеміп, соңғы 12 айда 23%-ға төмендеген.
Бұған әсер еткен бірнеше себеп бар. Алдымен жеткізу көлемі төмендеді. Boeing 2024 жылы 348 ұшақ жеткізген. Бұл пандемиядан бергі ең төмен көрсеткіш. 2023 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 180 ұшаққа аз. Жаңа ұшақтарға берілген тапсырыс та екі есе қысқарған.
Төмендеудің бір төркіні өндірістік мәселелерде жатыр. Былтыр АҚШ-тағы реттеуші 737 MAX ұшақтарының сапасына байланысты өндірісті шектеді. Бұған ұшу кезінде ұшақ люгінің ашылып кетуі себеп болды.
Жұмысшылардың ереуілі де жағдайға әсер етті. Компания жұмысшыларының жеті аптаға созылған ереуілі өндіріс қарқынын біршама бәсеңдетті.
Осылардың салдарынан тапсырыстар азайды. Желтоқсанда Jet Airways компаниясы банкрот болып, 130-дан астам тапсырыстың күші жойылды.
Boeing-тің басты бәсекелесі Airbus 2024 жылы 766 ұшақ жеткізіп, 2019 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш көрсетті. Осылайша, Airbus алтыншы жыл қатарынан Boeing-ті басып озды.
MarketWatch мәліметіне сүйенсек, 32 сарапшының 18-і Boeing акцияларын сатып алуға кеңес береді, 12-сі акцияларды ұстап қалуды жөн санайды, ал тек екеуі сатуды ұсынған.
Boeing үшін 2024 жыл күрделі болғанымен, сарапшылар 2025 жылы компанияның операциялық тиімділігі жақсарады деп болжам жасап отыр. Акциялардың құлдырауына қарамастан, ұзақмерзімді инвестициялар үшін әлеуетті өсу мүмкіндігі әлі де бар.