Алматыда АЭС референдумының алдында ұсталған 12 белсендінің ісіне байланысты баспасөз жиыны өтті.
Адвокат Төлеген Берліқожа белсенділерді тергеу барысы туралы мағлұматтарды жарияламау туралы қолхатқа қол қойғандықтан, қылмыстық істердің барысын толыққанды айта алмайтынын, дегенмен істе жағымды жаңалық барын жеткізді. Оның айтуынша, қылмыстық істерден құпияландыру графасы алынып тасталған.
– Қылмыстық іс басталғалы бірнеше сараптама тағайындалды. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Соған сай, бір өзгеріс болап қалар деп үміттеніп отырмыз. Қазіргі кезде біздің сұрап отырғанымыз белсенділердің бас шараларын өзгерту. Бұл туралы қалалық прокуратураға өтініш білдіріп қойдық, – дейді ол.
Келесі адвокат Еркін Кахаров қылмыстық істердің құпиясыздандыруын «жеңіс» деп бағалайды. Сондай-ақ ол 4 ай бойы қолына тигізбей жүрген құжаттарды бергенін, мұны жағымды нәтиже деп санайтынын атап өтті.
– Белсенділер бір сарапшының қорытындысына байланысты қамауда отыр. Тағы бір жағымды жаңалық осы сараптамаға 5 сарапшыдан тұратын топ кешенді сараптама жүргізетін болды. Осылай іс бойынша жұмысымызды жалғастыра берсек, бәрі жақсы болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Алматыда АЭС референдумы қарсаңында «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» баптары бойынша 12 белсенді ұсталған. Кейін олардың 7-еуі – Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аккузова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбетов, Азат Төлеухан, Ерболат Әубәкіров ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген. Қалған бесеуі – Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраковәлі қамауда отыр. Олардың арасында 3 зейнеткер бар.
Іс бойынша жүргізілген филологиялық сараптама белсенділер өзара бас қосып, әңгімелескенде жаппай тәртіпсіздік, билікке қарсы заңсыз әрекеттерге оқталған деген қорытынды шығарған. Құқыққорғаушы Төлеген Берліқожа қорғауындағы азаматтар АЭС-ке қарсы болғанымен, Үкіметке, билікке қарсы жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру туралы сөз айтпағанын алға тартып отыр.