АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян стратегиялық әріптестік туралы хартияға қол қойды. Ереван мен Вашингтон сондай-ақ атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздерді бастағанын мәлімдеді, деп жазады currenttime.tv сайты.
«Біз АҚШ пен Армения арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияны құрып жатырмыз. Бұл бізге экономикалық мәселелер, қауіпсіздік пен қорғаныс, демократия және әділет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге негіз береді», – деді Энтони Блинкен құжатқа қол қою рәсімінен кейін.
АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, хартияға қол қою Армения мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түседі.
Өз кезегінде Арарат Мирзоян Ереван мен Вашингтонның серіктестік деңгейі күрделі халықаралық қарым-қатынастар жағдайында шешуші маңызға ие екенін мәлімдеді. Ол АҚШ-пен атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздер басталатынын хабарлап, Армения экстремистік Ислам мемлекеті тобына қарсы жаһандық коалицияға қосылуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Армения мен Ресей қарым-қатынасы
Армения мен Ресей арасы 2020 жылғы Таулы Қарабахтағы қақтығыстан кейін суи бастады. Армения Ресейді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшесі бола тұра көмектеспеді деп айыптады. 2023 жылы Ереван ұйымның әскери жаттығуларына қатысудан бас тартып, ҰҚШҰ-ға мүше болуды тоқтату туралы мәлімдемелер жасады. Қаңтардың 9-ы күні Армения үкіметі елдің Еуропалық одаққа кіру процесін бастау туралы заң жобасын мақұлдады.